Полицейлер түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 138 жасөспірімді анықтады

ҚР ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша биылғы 20-30 қара аралығында Республика аумағында “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. 

Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаменті хабарлады.

Аталған шараға полициямен қатар «Жастар Рухы» жастар қанаты, «AMANAT» партиясының өкілдері, еріктілер, полицияның қоғамдық көмекшілері мен басқа да мүдделі мекеме өкілдері жұмылдырылды.

Іс-шара барысында полицейлер 2 500-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 138 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 5 мекеменің иесіне кәмелетке толмағандардың сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Мәселен Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторлары облыс орталығындағы мекеменің бірінде түнгі сағат 22.00-ден кейін жүрген 3 кәмелетке толмағанды анықтады. Мекеме иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болған 8 жасөспірімді анықтады, — делінген хабарламада. 

Түркістан облысының полицейлері азаматтарды заңды сақтауға, кәмелетке толмаған балалардың белгіленген уақыттан кейін түнде үйден тыс жерде болуына жол бермеуге, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да