Басты бет / Жаңалықтар /
қылмыс
Фото: СҚО ПД

Полиция «ҚыздарНет» сайтының қалай жұмыс істегенін жариялады

Солтүстік Қазақстан облысының полициясы «ҚыздарНет» сайты арқылы жезөкшелікті ұйымдастырған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеудің қалай жүргізілгенін жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстанда алғаш рет аталған интернет-ресурстың қызметіне қатысы бар ұйымдастырушылар мен қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, кейінгі жылдары тыйым салынған веб-ресурстың қызметіне байланысты жеңгетайлық фактілері бойынша бес қылмыстық іс сотқа жолданған. Осы материалдарды талдау құқық қорғау органдарына қылмыстық желінің жұмыс істеу схемасын анықтап, ұйымдасқан топтың негізгі ұйымдастырушыларына шығуға мүмкіндік берген.

Қылмыстық іс 2025 жылғы мамырда тіркелген. Тергеуге СҚО полиция департаменті мен қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері қатысып, жұмыс ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген. Тергеу барысында цифрлық іздер зерттеліп, криптовалютамен жасалған транзакциялар мен халықаралық серверлік инфрақұрылым арқылы жүргізілген операциялар талданған.

Полицияның мәліметінше, 2025 жылғы шілдеде Астана және Қазақстанның өзге қалаларында өткен арнайы операция кезінде алты күдікті ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша олар жезөкшелікпен айналысатын адамдардың жарнамасын жариялап, сайтты әкімшілендірген және ұйымдастырушылардың мүддесіне криптовалютамен қаржылық операциялар жүргізген.

Тергеу сегіз айға созылып, 2026 жылғы 19 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты негізгі алты айыпталушыға қатысты айыптау үкімін шығарды. Ұйымдастырушы 10 жылға, ал бес менеджердің әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Полицияның хабарлауынша, бұл іс бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Сайт қызметіне қатысы бар тағы бір күдікті Грузияда ұсталып, оны Қазақстанға экстрадициялау рәсімі жүргізіліп жатыр. Тергеушілер қылмыстық схемаға қатысы бар өзге адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook