Ауыл шаруашылығы министрлігі жылыжайды субсидиялай бастады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
АШМ өсімдік шаруашылығын субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізді. Түзетулер маусымаралық кезеңде 1 гектарға шығынды (электр энергиясы, газ, көмір үшін) субсидиялауды көздейді.
Басым дақылдардың тізбесін және субсидиялау нормативтерін жергілікті атқарушы органдар бекітуге тиіс. Бүгінгі таңда Түркістан облысы мен Шымкент әкімдіктері өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлар үшін биылға арналған субсидиялардың көлемі мен нормативтерін бекітті, — делінген хабарламада.
Өтінім 2023 жылғы 20 желтоқсанға дейін қабылданады.
2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 756 өтінім қабылданып, фермерлік жылыжайлар үшін 726 сертификат берілді. 30 өтінім қаралып жатыр.
Сонымен қатар АШМ инвестициялық субсидиялау аясында жылыжай кешендерін салу және кеңейту жобаларын іске асыру кезінде үлесті 25%-тен 30%-ке дейін арттыру бөлігінде тиісті өзгерістер енгізді. Бұл өзгеріс 2023 жылғы 10 желтоқсанда күшіне енеді.