Атырау облысында 5 жаңа электр желісі іске қосылды

Атырау облысында Қазақстанның батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында салынған жаңа электр желілері іске қосылды. 

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

«KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау–Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желісін салды, — делінген хабарламада.

Жұмыс барысында 4,2 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді, сонымен қатар «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы іске қосылды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаттылығы айтарлықтай ұлғайтылды: «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін; «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін. Бұл Батыс аймақ желісінің сенімділігінекі есеге арттырады, апат ықтималдығы төмендетеді, — делінген хабарламада. 

Әлихан Смайылов бұл стратегиялық маңызды жобаның Батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін айтып өтті.

Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сонымен бірге еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді, — деді премьер-министр.