Әлихан Смайылов шетелдік инвесторлармен кездесті

Премьер-министр Әлихан Смайылов шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында жобаларға инвестиция салуға шақырды. Бұл туралы премьер-министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар талқыланды.

Премьер-Министр Қазақстан үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 миллиардқа, яғни, екі есеге арттыру бойынша ауқымды міндет тұрғанын айтты.

Біз ESG принциптерін ескере отырып, бұл уақытта кемінде $150 миллиард шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттарға жету үшін еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр,— деді ол.

Сонымен қатар үкімет жұмысы инвестициялар көлемін ұлғайтуға, озық технологияларды трансферттеуге, өндірістерді локализациялауға және жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құруға бағытталған. Оның айтуынша, өңдеу секторын жедел дамытуға басымдық берілетін болады.

Премьер-министр «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, жаңадан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылғанын айтты.

Кеңес барысында Ernst & Young, TotalEnergies, Knauf, KPMG компанияларының өкілдері және Қазақстан орталық мемлекеттік органдарының басшылары сөз сөйледі.

Бұған қоса іс-шара аясында Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесін және жалпы республиканың инвестициялық ахуалын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.

Олардың ішінде Coca Cola Içecek Kazakhstan, Microsoft, Baker & McKenzie, Cameco Kazakhstan, Chevron Corporation, Deloitte, Exxon Mobil, Glencore, Marubeni және тағы басқа компанияларына берілді.