Астанада баспана кезегінде тұрғандар 12 миллион теңгеге алданған

Астанада баспана кезегін жылжыту қызметін ұсынған алаяқ ұсталды. Бұл туралы криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді. 

Оның айтуынша, алаяқ мемлекеттен пәтер алуға кезекке тұрғандарды алдаған.

Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас 25 фактіге қатысы бар екендігі дәлелденді, соның салдарынан азаматтарға 12 миллион теңгеден астам залал келтірілген, — деді Жандос Сүйінбай бүгінгі онлайн брифиңде.

Күдікті қамауға алынған жоқ. Одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Полиция тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде барлық материал сотқа жолданады.