«Eolus» қаржы пирамидасының басшылары тергеліп жатыр

Еліміздің 10 өңірінде «Eolus» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. 

Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Қылмыстық істер Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, сонымен қатар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелді.

«Eolus» компаниясының шын мәнінде жұмыс істейтінін дәлелдеп, салымшыларды көптеп тарту мақсатында ұйымдастырушылар бір әйелді қылмыстық іс-әрекетке тартып, «ENERGY EOLUS QAZAQSTAN» ЖШС соның атына тіркеген. Салымшылар қаражатты инвестициялау кезінде ақшаны алу үшін қажет соманы жинақтай отырып, күн сайын 2,5%-тен 3,5%-ке дейін пайда тапқан, — делінген хабарламада.

Жаңа пайдаланушы тартылған кезде салым сомасының 10% мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы, сонымен қатар жаңа пайдаланушының жыл ішіндегі күнделікті табысының 4%-і төленген. Осылайша, сыйақы сомасы жылдық 3 000% болған, ал ҚР ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі жылдық 16% көрсетіп отыр.

Қазақстандағы өкіл ақша қаражатын екінші деңгейлі банктегі өз шотына қабылдап, содан кейін криптобиржаға аударып, айырбастап отырған. Соңында криптошелек арқылы «energyeolus.top». платформасындағы өз шотына аударған.

Қаржы пирамидасына кемінде 3 000 адам тартылған, оның ішінде 1 773 салымшы 259 миллион теңге сомаға мүліктік зиян келтірілгені жайлы өтініш берген.

ҚМА қаржы пирамидаларын құрғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатынын ескертті.