Бүгін Әблязов ісі бойынша сот талқылауы өтеді

Судья қорғаушылар тарапының алдын ала сот тыңдауында мәлімдеген өтінішін қанағаттандырмады. Бірақ, сотталушы Мамештің қорғаушысы адвокат Клименкоға қылмыстық іс материалдарымен танысуға рұқсат берілді.

17 наурыз күні аталған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Басты фигурант — Мұхтар Әбілязов белгісіз себептермен сотқа келмеді. Отырыстың барлық қатысушылары сот талқылауын Әбілязовтің қатысуынсыз өткізуге қарсылық білдірген жоқ.

Айта кетейік, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов Қазақстанда, Ресейде және Украинада барлығы 11 бап бойынша айыпталды. 2009 жылдың 6 наурызында Әбілязовке халықаралық іздеу жарияланды.

Барынша көлемді және күрделі қылмыстық істердің бірі болып табылатын Әблязовтың қылмыстық ісінің көлемі екі мың томнан асады және 150-ден астам эпизодтан тұрады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жасаған әрекеттерінен келтірілген шығынның анықталған сомасы 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады. Қылмыскерлердің іс-әрекеті тек Қазақстан аумағымен ғана шектелмеген, қылмыстардың елеулі бөлігі Қазақстанда бастау алып, басқа елдер аумағында, соның ішінде Ресей Федерациясы мен Украинада аяқталған. Олар қылмыстық әрекеттерімен түрлі шетелдік мемлекеттер мен заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтірді.

ДереккөзInform.kz