Қазақстанда логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық әрекеттердің көбейгені байқалады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ІІМ мәліметінше, қаскөйлер жүк және көлік тасымалдаушыларын іздеуге арналған «Della» және «Fa-Fa.kz» платформаларын пайдаланады. Көбіне олардың назарына Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің басқа өңірлеріне жөнелтілетін жүктер туралы хабарландырулар ілігеді.
Алаяқтар WhatsApp арқылы тапсырыс берушілермен және автовоз жүргізушілерімен байланысқа шығып, әрқайсысына әртүрлі ақпарат береді. Олар тапсырыс берушілерге өздерін жүргізуші немесе тасымалды ұйымдастырушы ретінде таныстырса, жүргізушілерге жүктің иесі ретінде хабарласады.
Осылайша екі тараптың сеніміне кіргеннен кейін, көлік Алматыдан шыққан соң жүкті немесе автокөлікті басқа көлікке қайта тиеуді ұйымдастырып, оны иемденіп кетеді.
Осындай жағдайлардың бірі жуырда Алматыда тіркелді. 7 маусым күні қала тұрғыны полицияға белгісіз адамдардың алдау арқылы оның қымбат автокөлігін иемденіп кеткені туралы арыз түсірген. Келтірілген шығын көлемі 60 миллион теңгені құраған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері ұрланған көлікті тауып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталып, тергеу жүргізілуде.
Мұндай алаяқтық схемалардың құрбаны болмау үшін ІІМ азаматтарға жүргізушінің жеке куәлігі мен көлік құжаттарын мұқият тексеруді, байланыс нөмірлерін хабарландырудағы деректермен салыстыруды және тасымал бағытын алдын ала нақтылап алуды ұсынады.
«Егер қандай да бір күдік немесе қауіп туындаса, тасымалдаушы қызметінен бас тартып, дереу «102» телефонына немесе жақын маңдағы криминалдық полиция бөлімшесіне хабарласу қажет», – деп ескертеді ведомство мамандары.
