Мұхтар Әблязов жымқырған қаражат халықтың зейнетақы жинағы екені дәлелденді — Ұлттық Бюро

«Алдын ала тергеу жан-жақты, толық әрі әділ өтті, дәлелдеуге жататын барлық жағдай анықталды», — делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, жиналған дәлелдер бойынша БТА Банктің бұрынғы топ-менеджері Мұхтар Әблязовтің қылмыстық әрекетіне баға берілгені және оның қазіргі уақытта Қазақстан аумағында емес екені әрі шақыртудан жалтарғаны айтылады.

Әбзлязовпен қатар, Ж.Жарымбетов (Басқарма төрағасының бірінші орынбасары — Кредит комитетінің төрағасы) пен К.Садықовтың (Кредиттеу жөніндегі директор), С.Мәмештің (Басқарма төрағасы) әрекетіне де баға берілген. Қазіргі уақытта Мұхтар Әблязовқа қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті, БТА Банкінің қаражатын жымқырды және жекешелендірді, банк қаражатын заңсыз қолданды және қызметтік өкілін асыра пайдаланды деген күдік келіп отыр. Жалпы шығын сомасы — 7,5 миллиард АҚШ доллары.

«Тергеуден жымқырылған қаражаттың халықтың зейнетақы жинағы екені, Қазақстан азаматтарының жеке жинағы екені және шетелдік қаржы институттарының қарызы екені нақтылы анықталды», — делінген Ұлттық бюроның хабарламасында.

Сонымен бірге, хабарламада БТА Банкінің қарызын өтеу бойынша міндетті мемлекеттің өз мойнына алғаны айтылған.

Еске сала кетейік, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов Қазақстанда 6 миллиард доллардан аса қаржыны жымқырды және басқа да қаржылық алаяқтық жасады деген айыппен 2013 жылдың шілде айында Францияда тұтқындалған болатын.

ДереккөзTengrinews.kz