28 қазан — Халықаралық анимация күні. Атаулы мерекеге орай, Baribar.kz тілшісі «Shyraq» анимациялық фильмін жасаған Ara Studios мамандарымен фильмнің мағынасы мен оның қалай түсірілгені туралы әңгімелесті.

Мультфильм шырақтың бастан кешкен оқиғасын баяндайды. Фильмде Шырақ бір үйдің зат қоятын бөлмесінде тұрып жатады. Сол үйде отбасы — әкесі, анасы, ұлы мен қызы өмір сүреді. Бірақ әкесі жұмыс істеп, анасы үй шаруасымен айналысып, содан ата-анасы балаларына көп көңіл бөлмейді.

Бақытжан Шабдукарим продюсер
Бақытжан Шабдукәрім. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шырақ адамдардан қорқады, сондықтан бөлмеде тығылып алып, сыртқа шықпайтын. Оның достары сол бөлмедегі жансыз ойыншықтар еді. Шырақ оларды өз отбасы деп білетін. Дегенмен достары жансыз заттар болғандықтан, Шырақ олармен сөйлесе алмайтын.

«Shyraq» анимациялық мультфильмінің продюсері — Бақытжан Шабдукәрім. Ол Шырақ бөлмеден досын құтқару үшін шығатынын айтты. 

Бір күні бөлмеге мысық кіріп, шырақтың сүйікті досы — қуыршақты алып кетеді. Шырақ досын құтқару үшін бөлмеден шығып, адамдар жүрген бөлмеге баруға мәжбүр болады. Қорқынышын жеңіп, соның арқасында мүлдем басқа әлемге — адамдар әлеміне тап болады. Нешетүрлі оқиғаны бастан өткеріп, отбасындағы қарым-қатынасқа әсер етеді, — дейді Бақытжан Шабдукәрім.

Мультфильмнің режиссеры — Мейіржан Сандыбай. Оған «Shyraq» анимациялық мультфильмін түсіру идеясы 2020 жылы келген. Мәселен, қазір қоғамда отбасындағы қарым-қатынасқа қатысты проблема көп. Ата-ана жұмыс істеп, балаларына жеткілікті көңіл бөлмейді, ал балалар смартфонмен алданады.

"Shyraq" авторлары
«Shyraq» мультфильмінің авторлары. Мейіржан Сандыбай, Бақытжан Шабдукәрім және Нұрбек Нұрланбекұлы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Shyraq-тың» мақсаты — отбасы құндылықтарының маңызын мультфильм арқылы көрсету. Отбасындағы жақсы қарым-қатынас, береке-бірлік, бірге уақыт өткізудің маңызды екенін көрсеткім келді. Сапалы өнім жасауды көздедік. «Shyraq» көрерменге эмоция сыйласа, онда мультфильм миссиясын орындады деп білеміз, — дейді Мейіржан Сандыбай.

Бақытжан Шабдукәрім мультфильм балаларға да, ата-анаға да, жастарға да арналғанын айтты. «Shyraq-ты» Youtube платформасынан көруге болады. Көрермен осындай сапалы, рухани құндылықтарға толы мультфильмді көптен бері күткенін айтып жатыр.

Продюсердің сөзіне қарағанда, «Shyraq» коммерция үшін емес, халыққа жақсы отандық өнім ұсыну үшін жасалды. Әрі Ara studios-та жұмыс істейтін мамандар үшін жақсы тәжірибе болды.

Мультфильм 3D-форматта салынған. Мамандар «Shyraq»-ты салған кезде 3D саласында өзінің күшін, қаншалық сапалы өнім жасай алатынын сынап көрді. Оған қоса қазір мультфильмді 3D форматында түсіру тренд болып жатыр.

Мультфильм 2020 жылы түсіріле бастады, сөйтіп 2022 жылғы тамызда аяқталды. Түсірілімнің алғашқы жарты жылы дайындық кезеңі болды. Ол кезде сценарий жаздық, кейіпкерлердің бейнесін, үйдің іші-сыртын қағаз бетіне салып, кадрға бөлдік. Кадрға бөлу дегеніміз — қағазды төртке, алтыға немесе сегізге бөліп, фильмдегі маңызды сәттерді комикс сияқты салу. Бұл басқа мамандарға мультфильмнің мазмұнын түсіндіруге көмектесті, — дейді ол.

Содан кейінгі кезең — препродакшн. Бұл кезеңде мамандар кейіпкерлердің мүсінін, қозғалысын 3D қылып анимациялады. Келесі кезең — қоршаған ортаның үлгісін салу, яғни үстел, орындық, сөре, кесе — барлық затты қойып, дайын бөлме жасаған. Одан кейін кейіпкерлерді үйдің іші-сыртына салып, қозғалтады. Содан соң бөлмеге жарық қойып, әуен, дыбыс жазылады.

Жоспар бойынша «Shyraq-ты хронометражы жеті-сегіз минут болатын. Бірақ уақыт өте келе мультфильмнің мәні, идеясы жеті-сегіз минутта толық жетпеуі мүмкін деп ойладық. Сөйтіп мультфильмнің хронометражын 24 минутқа дейін ұзартамыз деп шештік, — дейді Бақытжан Шабдукәрім.

Бақытжан Шабдукәрім продюсер
Бақытжан Шабдукәрім. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мультфильм түсіруге 20-ға жуық маман қатысқан. Олардың ішінде концепт суретшісі, жарық қоюшы, қоршаған орта 3D суретшісі, 3D-кейіпкерлер суретшісі, sound designer, режиссер, продюсер және тағы басқа мамандар бар.

Жоба авторлары бұл мамандарды әлеуметтік желі, таныс арқылы тапқан. Оның ішінде бірнеше ай жұмыс істеп кеткендер де бар. Жобаны тұрақты түрде жеті-сегіз адам жасаған. Адам аз болғандықтан, бір қызметкер бірнеше маманның жұмысын істеуіне тура келіпті.

Мультфильмді Ara Studios-тың қаражатына түсірдік. Коммерциялық тапсырыстардан түскен ақшаны жинап, бос уақытымызда «Shyraq-ты» салуға тырыстық. Balapan арнасына екі жыл бойы «Сәби» деген мультихикая салдық. Мультихикаяның екі маусымы, 56 бөлімі болды. Бұл алғашқы тапсырыс еді. Содан кейін шетелдік компаниялардан тапсырыс алып, жұмыс істедік, — дейді продюсер.

Оның сөзіне қарағанда, 2023 жылы «Shyraq» мультфильмі әлем бойынша 80-нен астам кинофестивальге өтінім берді. Ол АҚШ-тағы Cleveland International Film Festival (CIFF), Kids First! Film Festival, Қытайдағы Shanghai International Film Festival, Оңтүстік Кореядағы Seoul International Children’s Film Festival (SICFF) және Италиядағы Cartoon Club – International Festival of Animation Cinema, Comics and Games фестивальдеріне қатысып жатыр.

"Shyraq" анимациялық мультфильм
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір «Shyraq» Албаниядағы Tirana International Film Festival (Albanian premiere) фестивалінің “AUDIENCE CHOICE AWARD KIDS — 10” жүлдесіне ие болды, — дейді ол.

Ara Studios-ты режиссер Мейіржан Сандыбай 2018 жылы Астанада ашқан. Алғаш «The dog» деген анимациялық фильм түсірген. Содан кейін ол 2019 жылы Алматыға көшіп келіп, жаңа команда жасақтаған.

Жаңа топпен жасаған алғашқы мультфильмі — осы «Shyraq». Ara Studios-та 23 адам жұмыс істейді. Жұмысын басқа анимациялық студиялар сияқты қысқаметражды мультфильмнен бастап отыр.

Бақытжан Шабдукәрім «Shyraq-қа» дейін студия коммерциялық тапсырыстармен айналысып жүргенін айтты. Оның ішінде жарнама, компьютерлік ойынның видеосы бар, ресейлік Youtube арнасына «Avocado age» деген мультихикаяның екі бөлімін салып берген. Оған қоса студия TikTok парақшандағы виртуал блогердің, яғни 3D кейіпкердің бірнеше видеосын жасаған.

Бақытжан Шабдукарим продюсер
Бақытжан Шабдукәрім. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір Ara Studios шетелдік компьютерлік ойын кейіпкерлерінің, қоршаған ортаның 3D бейнесін және анимациясын салып жатыр. Студия 2024 жылы 26 бөлімнен тұратын отбасылық анимациялық хикая түсіруді жоспарлап отыр.

Мультфильмнің продюсері Қазақстанда анимация нарығы баяу дамып жатқанын айтады. Анимацияға қатысты жобалар аз. Сол себепті жас 3D-аниматорлар өз бетінше, белгілі бір компанияға тәуелді болмай жұмыс істейді. Жас мамандар жұмысын түрлі платформаға салып, шетелдік компаниялардан тапсырыс алып жүр.

Қазақстан анимациясының басты проблемасы — білім саласы. Қазақстанда анимацияны екі университет қана оқытады — Астанадағы қазақ ұлттық өнер институты және Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы. Қазақша білім беретін мекеме өте аз. Қазір жұмыс істеп жатқан мамандар шетелдің курстарын оқып, анимация жасауды өз бетінше үйренген, — дейді ол.

Бақытжан Шабдукәрімнің айтуынша, үкімет анимацияны үйрететін білім мекмелеріне, университеттерге назар аударса, Қазақстанда анимация саласы қарқынды дамып, сапалы отандық өнімдер мен мамандар шығады.

***

Тағы оқыңыз:

Елімізде ашаршылық туралы тағы бір фильм прокатқа шығады