583 қоныс аударушы отбасы экономикалық ұтқырлық сертификатын алды

2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында биыл ішкі қоныс аударушылар үшін жаңа тетік – тұрғын үй сатып алу үшін материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді.

Бұл туралы еңбек министрлігі хабарлады.

Бүгінгі таңда сертификаттар 583 отбасына берілді. Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4 миллион теңгеге дейін беріледі.

Материалдық көмек ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) үкімет бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесі нысанында ұсынылады. Тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін сертификат алдын ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі, — делінген хабарламада.

Тұрғын үй салу кезінде сертификат ҚР жер және басқа да заңнамалары бойынша жеке тұрғын үйлер салу үшін меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.

Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде пайдалану үшін екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет. Бұл ретте экономикалық ұтқырлық сертификаты келу өңіріндегі тұрақты тұратын елдімекенде ғана тұрғын үй сатып алу үшін беріледі.