Басты бетЖаңалықтарАлматыда эхинококкоз...

Алматыда эхинококкоз ауруы 7,5%-ке өсті

Алматыда эхинококкоз ауруы былтырғымен салыстырғанда 7,5%-ке өсті. Биыл жұқпалы аурудың 17 дерегі тіркелген.

Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, қалада эхинококкоз ауруына қатысты нашар ахуал қалыптасып отыр. Ауру жұқтырғандардың 15,7%-і – 14 жасқа дейінгі балалар.

Эхинококкоз – созылмалы ағымымен, ағзаның аллергиясымен және бауырдың, өкпенің және басқа мүшелердің зақымдануымен сипатталатын паразиттік ауру, онда көптеген кистозды түзілістер қалыптасады, олар мүгедектікке немесе асқынған жағдайларда өліммен аяқталады, — деді Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Оның айтуынша, аурудың қоздырғышы – гельминт Echinococcus granulosus.

Бауыр, өкпе және басқа да ішкі органдарға еніп, құрылым түзетін құрттардың әсерінен болатын созылмалы ауру, негізінен, иттен жұғады. Одан малға, соның етімен адамға жұғуы да мүмкін. Сол себепті үйдегі жануарларды ветеринарларға тұрақты қаратып тұру қажет. Эхинококкоз қоздырғыштарының адамға жабайы аңдардан жұғатын жағдайлары да кездеседі, — деді Әсел Қалықова.

Әсел Қалықованың айтуынша, паразит өкпеде болған кезде ентігу, қан түкіру, кеуденің ауырсынуы, жөтел пайда болады.

Эхинококкоз диагнозы зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерін (ультродыбыстық зерттеу, рентгенография, компьютерлік томография) қолдану арқылы анықталады. Эхинококкозды емдеу тек хирургиялық әдіспен жүзеге асырылады. Емдеуден кейін эхинококкозбен ауыратын науқастар диспансерлік еспке алынады, — деді Әсел Қалықова.