Auezov University-де мерейтойлық спартакиада мәреге жетті

Шымкенттік студенттер арасында спартакиада өз мәресіне жетті. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 80 жылдығына арналған бәсеке спорттың жеті түрі бойынша өтті.

Auezov University спорттық-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған сайыста 400-ге жуық қатысушы футбол, тоғызқұмалақ, қол күресі, үстел теннисі, баскетбол және президенттік сынама сынды спорт түрлері бойынша бақтары мен баптарын сынады.

Биыл оқу орнының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Атаулы дата қарсаңында ұйымдастырылған жарыстың мақсаты –   салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, студенттерді дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға баулу. Осы тақілеттес турнирлерді оқу орнында өткізу алдағы уақытта да дәстүрге айналмақ, – деп атап өтті спартакиада ұйымдастырушылары.

Бір аптаға созылған жарыс қорытындысы бойынша М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің білімгерлері топ жарып, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Аграрлық факультет студенттері еншілесе, үшінші орын Заң факультетінің спортшыларына бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Auezov University Басқарма төрағасы – Ректор Дария Қожамжарованың Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.