JOL – қазақ театр кеңістігіне қосылған жеке, тәуелсіз өнер алаңы. Тетар көпшіліктің мәдени танымын арттырып, өнер арқылы қоғамдағы проблемалар мен олардың шешімін ұсынуды көздейді. Театр 6 қазанда Алматыда екінші маусымын «Mūgalim» қойылымымен ашты. Baribar.kz тілшісі спектакльді тамашалап, актерлармен әңгімелесті.

«Mūgalim» қойылымы жас драматург Қолғанат Мұраттың пьесасы негізінде сахналанған. Режиссеры — Данияр Базарқұлов. Спектакль арқылы ата-ана мен бала арасындағы шиеленіс, мұғалім мен оқушы арасындағы түсініспеушілік мәселесі көтеріледі.

Мұғалім қойылымы
Фото: JOL театрының баспасөз қызметі

Бүгінгі бала — ертеңгі болашақ десек, спектакль мына сауалдарға жауап іздейді: Сол болашақты бүгінгі қоғам қалай қалыптастырып жатыр? Бозбала мен бойжеткеннің жан дүниесі қандай күйде? Мұғалімнің қоғамдағы, бала болашағын қалыптастырудағы орны қандай? Ата-ананың ше?

Батыржан Медет Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курсында оқиды. Ол қойылымда анасын көрмеген, әскери әкесінің тәрбиесінен қамыққан әрі мұғаліміне ғашық оқушы Ерболдың рөлін сомдайды. Бұл — Батыржанның үлкен сахнадағы алғашқы қадамы.

Бұл спектакльге былтыр ұзақ дайындалдық. Екі айдай уақыт кетті. Рөлімді әлі күнге дейін толық сіңірмедім деп ойлаймын. Сол үшін де қойылым біткен соң көрермен алдына сәлем беруге шыққанда аздап қысыламын. Бірақ ылғи да ізденіп, рөлімді әркез түрлі қырынан ойнауға тырысып жүрмін. Кейіпкерімді түсіндім, «ішіме салып алып» жатырмын, бірақ Ербол болып өмір сүру қиындау. Үйренетінім көп, — дейді Батыржан Медет.

Мұғалім қойылымы
Батыржан Медет. Фото: JOL театрының баспасөз қызметі

Батыржанның ұстазы — актер Ерлан Біләл. Ал бұл рөлге режиссер Данияр Базарқұлов «сындырып» дайындаған.

Бұл рөлдегі ең қиыны мұғалімнің хатын оқитын сахнам болса керек. Ерболдың мұғалімге ғашық болғанын қабылдау қиын сияқты. Оған қоса қойылым бойы көрерменді де «ұстап отыру» қажет. Ол да оңай емес. Көрерменнің эмоциясы сахнадағы актерға қатты сезіліп тұрады, соған сай әсер етеді де. Негізі ұстаздарымыз «көрерменге тәуелді болмаңдар» деп үйретеді. Оны енді ғана үйреніп келе жатырмыз, — дейді актер.

Мадина Сағымбай — Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курс студенті. Ол сезімтал, нәзік, ашықжарқын Іңкәр деген оқушының рөлін ойнайды. Өкініштісі сол, әкесінің кім екенін білмейді әрі анасымен ара қатынасы да жөнді емес. Анасы өмірінде бір рет болса да ата-ана жиналысына келсе екен деп тілейді.

Іңкәрдің анасы қызының жанында көп бола бермейді. Өйткені қызын жеткізсем деп жұмыстан бас алмайды. Бірақ қызы оны түсінбейді. Анасы телефон арқылы бәрін айтып бергеннен кейін ғана қызы оны түсінеді, — дейді Мадина Сағымбай.

Мұғалім қойылымы
Мадина Сағымбай. Фото: JOL театрының баспасөз қызметі

Мадина толық отбасында өскендіктен, толық емес отбасында өскен балалардың жай-күйін түсінбегенін айтады. Іңкәрдің сахнада жалғыз қалып, анасымен телефонмен жылап сөйлесетін сахнасы бар. Сонда Іңкәр болып, «жалғызбасты анасымен» сөйлесіп, сценаридегі сөздерді айтуға басында біраз қиналыпты.

Толық емес отбасынан шыққан қыздарға осы сахнадағы сөздерім тиіп кетпесе екен деп ойлайтынмын. Олардың көңіліне кірбің түсе ме деп уайымдадым. Спектакльден кейін «менің де анам сондай» деп айтқандар болды. Басында олардың сөзін жүрегіме жақын қабылдап, өзім қиналып қалатын едім. Қазір олай емес. Өйткені іштей рөлімді өсірдім. Бүгінгі Іңкәрді жақсы ойнап шықтым деп ойлаймын, — дейді актриса.

JOL театрының негізін қалаушы, режиссеры, көркемдік жетекшісі — Данияр Базарқұлов. Режиссер бұл қойылымды үш театрда қойған. Алғашқысы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда, одан кейін Бикен Римова атындағы Талдықорған облыстық драма театрында және осы Jol театрында қойылды.

JOL театрының басқаларынан айырмасы сол, құрам тек жастардан тұрады. Оның ішінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының, Шабыт өнер академиясының, Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мектеп-интернатының, колледжінің  студенттері мен түлектері бар. Біздің театрымызда танымал тұлғалар, әйгілі артистер жоқ. Осы жастардан сондай мықты актерлар жасауға кірістім, — дейді Данияр Базарқұлов.

Режиссер алдағы уақытта театр балаларға арнап ертегі, ересек көрермен көретін психологиялық, саяси спектакль қоюы мүмкін. Өйткені бұл театр — еркін алаң.

JOL 2022 жылғы 27 наурызда ашылып, осы «Mūgalim» спектаклін қойды. Биыл екінші маусымын Алматыда ашқан соң, басқа қалаларға гастрольдік сапарға аттанады. Қазір театр осы қойылыммен Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларына турға дайындалып жатыр.

Данияр Базарқұлов
Данияр Базарқұлов. Фото: @dramteatr_aktobe Instagram аккаунты

Жас актерлармен жұмыс істеген күрделі. Әрқайсының ішіне үңілесің, мына қойылымды қанша еңбекпен алып шықтық. Өз басым, айғайламайтын режиссер болармын, сондықтан актерлар да ренжімейтін шығар. Бірақ қатты талап етем, сол кезде артист аздап түңіліп кетуі мүмкін. Дегенмен бәрібір қалпына келіп, жігеріне мініп алады. Өйткені олар үлкен деңгейге жетсін деген тілекпін талапшылмын, — дейді режиссер.

Бүгін «Мұғалім» екі рет қойылды. Түстен кейін колледж студенттері мен мектеп оқушылары көрсе, кешке өзге де көрермен тамашалады.

Актерлар — жанкешті халық. Анша-мұншаға шаршай бермейді. Бір күнде бір қойылымды екі рет қойғаннан шаршамаймыз. Керісінше рахаттанамыз, халықпен энергия алмасамыз. Көрерменмен қауышу, өз көрерменіңді табу — бақыт әрі жеңіс, — дейді Данияр Базарқұлов.

Мұғалім қойылымы
Фото: JOL театрының баспасөз қызметі

Ол бүгінгі қойылым нашар болатын шығар деп алаңдаған екен. Себебі басқа мекеменің сахнасында дайындалып, басқа сахнаға шығып қойды. Бұл жерге бой үйретіп үлгере алмаған еді. Бірақ режиссер қойылым көңілінен әбден шыққанын айтты.

***

«Бір тәуелді, бір тәуелсіз Отаным». Бұл Hïkaya қай хикая?