Ұстаздар ЭКСПО билеттерін «еріксіз» алып жатқандарын айтты

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы ауылдардың біріндегі мектепте жұмыс істейтін ұстаздар өз «еркінен тыс» билет алғандарын жеткізді. Олар бір билетке 4 мың теңге жұмсаған. Гүлбаян есімді (аты өзгертілді) ұстаз көрмеге өзі бармайды, бірақ билетті Астанада тұратын балаларына беріп жібермек.

«Билетті қыста алып келген. Алғымыз келмеген еді, бірақ мектеп басшылығы «барсаң да аласың, бармасаң да аласың» деді. Енді [билет] босқа жатқанша Астанадағы балаларыма салып жіберемін», — дейді ол.

Осы аудандағы тағы бір ауылда сабақ беретін Армангүл (аты өзгертілді) есімді мұғалім осындай жолмен 6 мың теңгеге алған билетімен Астанадағы ЭКСПО көрмесін көріп қайтпақ.

«Жұмыс күндеріне арналған билет 6 мың теңге, сенбі-жексенбілік билеттер 8 мың теңге екен. Директор ал деді. 6 мыңға бір билет алдым. Енді жазда Астанаға, Бурабайға барып қайтқым келеді», — дейді мұғалім.

«ЭКСПО көрмесіне насихат»

Зайсан аудандық білім басқармасының басшысы Нұрлыбек Қалибаев мектеп мұғалімдеріне ЭКСПО билетін ұсынғанын Азаттыққа растады. Оның айтуынша, мұғалімдерге билет ұсыну — «ЭКСПО көрмесіне насихат».

«Билеттер пошта бөлімшесіне келген. Аудан әкімі «ЭКСПО — елбасының, мемлекеттің саясаты, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіңдер» деп бізге тапсырды, ауыл әкімдеріне, ауыл белсенділеріне тапсырды. Біз үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. ЭКСПО-ға шетелден көп адам келеді. Қазақстанда мұндай шара енді бола ма, болмай ма — білмейміз. Мұғалімдерге «билет бар, көрмеге барғандарың дұрыс» деп айттық. Баратындар барады, бармайтындар өзі біледі», — дейді білім басқармасының басшысы.

Елімізде көрме билеттерін заңсыз сату бойынша жыл басынан бері 20 факті тіркелген. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Сергей Куянов мәлімдеді.

«Бізге заңсыз билет сату фактілері бойынша 20-дан астам шағымдар түскен. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар. Оның ішінде мұғалімдерге ғана емес дәрігерлерге де сатқан фактілер кездеседі. Кейін президент әкімшілігі арқылы бұл мәселені шешіп, олай жасауға болмайтын ескерттік. Осы оқиғалардан кейін арнайы жедел желі (WhatsApp номері — +77023326521) аштық. Мұғалімдер сатып алған билетті суретке түсіріп, бізге жолдаса болады. Біз бұл әрекетті тексереміз», — дейді Сергей Куянов.

Айта кетейік, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астанада ЭКСПО көрмесі өтеді. Көрмеге жүздеген ел мен ондаған халықаралық ұйым қатысады, оны 2-3 миллион адам тамашалайды деп күтілуде.

ДереккөзAzattyq.org