БҚО: аумақтық қорғанысқа әзірлік пысықталды

БҚО-дағы стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі — «Интергаз» ЖШС базасында тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы барды.

Жиынның жоспарына сәйкес, облыстық жедел  штабтың кезекшісіне заңсыз қарулы құрылымдардың қала жанындағы халық үшін маңызды нысанды басып алуды  жоспарлағаны және олар өз қатарын содырлармен толықтырғаны туралы мәлімет түскен.     Сол бойда аумақтық қорғаныс бригадасы белгіленген нысанға аттанды. Жедел жоспарға сай, күзет ротасына денсаулық сақтау басқармасынан жедел жәрдем, төтенше жағдайлар департаментіен өрт сөндіру бригадасы және полиция департаментінен патрульдік қызмет бригадасы бөлінді.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі аталмыш нысан орналасқан Достық елді мекенінде 30-ға жуық қарулы содырлардың автокөлікпен келгенін растады. Батальон командирі шұғыл шешім қабылдап, 1 рота командиріне «Интергаз» ЖШС қауіпсіздігі мен қорғанысын күшейтуді тапсырды. Осылайша қарсыластың шабуылына тойтарыс беру үшін ұрыс алаңында  жедел әрекеттер  жасалды. Ұрыс барысында қорғанушыларға Ұлттық ұлан бөлімшесі көмекке келді. Нәтижесінде, содырлардың көзі жойылды. Арнайы тактикалық оқу-жаттығуы  ойдағыдай өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс» деп қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайту қажеттігін атап көрсетті. Бүгінгі арнайы тактикалық-оқу жаттығу жиынына негізінен запастағы жауынгерлер қатысты. Мақсат  –  запастағы әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлық деңгейін шыңдау, бекітілген қару-жарақ пен  техниканы қолдану шеберлігін арттыру. Алдағы уақытта бұдан да ауқымды жұмыстар атқарылады. Аумақтық қорғаныс бригадасын 400 жауынгерге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз,– деп Б.Нарымбетов өз міндетін мінсіз атқарған жауынгерлерге облыс әкімінің алғысхатын табыстады.

БҚО, алғыс хатБұл бағытта өңірде жақсы бастамалар бар. Таяуда облыс әкімі Нариман Төреғалиев қала сыртында аумақтық қорғаныс бригадасына арналған кешен құрылысын бастап бергенін айтуымыз керек.

Бүгін біз аумақтық қорғаныс бригадасының оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Оған он күн дайындалдық.  Біз бұл жерде далалық ұрыс тәсілдерін, жаңа тактикаларды  үйрендік. Жауынгерлердің басым бөлігі Бәйтерек, Тасқала аудандарынан келді. Әскери дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылды, — деді Бәйтерек ауданының Переметный ауылындағы Қ. Аманжолов атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі Қуаныш Ғаділшен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да