Қазақстан Гонконгпен визасыз режимді 1 айға дейін ұзартуды ұсынды

Қазақстан Гонконгпен арадағы визасыз режимді 14 күннен 1 айға дейін ұзартуды және тікелей авиарейстерді жаңартуды ұсынды. 

Бұл туралы сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министр Арман Шакқалиев пен Гонконгтың АӘА басшысы Джон Ли сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады.

Қазақстан экономикасына, оның ішінде жаңа технологиялар, жасыл энергетика, IT, жаңа өндірістерді іске қосу салаларына инвестиция салу үшін бізде барлық қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан органикалық таза өнім өндірудің үлкен әлеуетке ие және біз Гонконг нарығына ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін жеткізуге мүдделіміз, — деді Арман Шакқалиев.

Оның айтуынша, халықаралық сауда платформасында 5 000-нан астам қазақстандық тауар орналастырылған Alibaba.com ұлттық павильоны ашылған.

Кейінгі үш жылда платформада сатылым 225 миллион доллардан асты. Сонымен қатар мамыр айында JD.com электрон платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Қазір біз Genertec, Huawei, XingXing сияқты ірі бизнес иелерімен электрон коммерция саласында белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сіздерді осы бағыттағы ынтымақтастыққа шақырамыз, — деді министр.

Туризмді жандандыру мақсатында қазақстандық тарап тікелей авиарейстерді жаңартуды және Қазақстан мен Гонконг арасындағы визасыз режимді 14 күннен бір айға дейін ұлғайтуды ұсынды. Бұл сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік береді.