Микроқаржы ұйымынан, банктен несие алып, қарызға батып, мемлекет алдындағы борышы миллиондаған теңгеге жететін қазақстандықтар бар. Оның кейбіреуі ай сайынғы төлемді мерзімінен кешіктіріп, жағдайын одан бетер қиындатады. Pro qarzhy — осындай жағдайға тап болған адамдарға шешім көрсететін жоба.
Жобаның мақсаты — микроқаржы ұйымынан, банктен көп несие алып, қиын жағдайға түскендерге көмектесіп, қазақстандықтардың қаржы сауатын арттыру. Жоба жетекшісі, заңгер Камила Енсегенованың айтуынша, осы жоба арқылы азаматтар несиеге қатысты проблемасын өз бетінше шеше алады.
Pro qarzhy Telegram-боты несиеге, қаржыға қатысты проблемаларды шешуге арналған нұсқаулар бар. Осы нұсқаулар бойынша қолданушы көп проблеманы өзі шеше алады. Оған қоса бот арқылы қажет өтінімнің дайын шаблонын жүктеуге болады. Өтінімді кімге, қалай жіберу керек екені туралы ақпарат та бар. Қолданушы дайын құжатты толтырып, қажет поштаға жіберсе болды, — дейді Камила Енсегенова.
Бұл жобаны Камила Енсегенова Ақниет Алдаберген, Еркеназ Қорғау, Батыржан Құсайыновпен бірге жасады. Олар Telegram-ботты биылғы шілде бойы дайындап, 6 тамызда іске қосты. Telegram-бот заңгерлермен бірлесіп әзірленген. Бүгінге дейін ботты 330 адам қолданды.
Бот қазақ және орыс тілінде қызмет көрсетеді. Боттан мынадай ақпарат алуға болады:
- несие мен ипотека бойынша жастарға арналған жеңілдік бағдарламаларының тізімі;
- коллекторлар туралы ақпарат;
- шағын несие, несие тарихын жақсарту жайлы ақпарат.
Оған қоса жеке бюджет пен шығынды басқарудың тиімді жолдары, қаржы пирамидалардың, интернет алаяқтардың негізгі белгілері туралы айтылған.
Қолданушылар дөрекі коллекторлардың жұмысына шағым түсіру, тыйым салуды (арест) алып тастау, банкроттыққа өтінім беру шаблондарын ала алады. Қазір Telegram-ботта 16 нұсқаулық пен шаблон бар.
Коллекторлар телефон соққан кезде, көп адам тұтқаны алмайды, тіпті телефон нөмірін ауыстырып қашып жүреді. Бұл проблеманы шешу үшін коллектормен достасу керек. Біздің бот арқылы қолданушы коллекторлармен достасу нұсқаулығын, шаблонын алып, проблемасын бірлесіп шеше алады, — дейді жоба жетекшісі.
Оның айтуынша, несиеге қатысты проблемаға көбіне студенттер тап болады. Жастардың құқық сауаты аз болғандықтан, өзі істей алатын қызметтерді басқа адамға ақша төлеп істетеді.
Қазір кейбіреулер заңгер мамандығын оқымай-ақ «тыйым салуды алып тастаймын, график шығарамын» деп адамдарды алдап кетеді. Қарапайым адам нұсқаулық арқылы бәрін дұрыс істесе, проблемасын шешу қолынан келеді. Сондықтан басқа біреуге ақша төлеудің қажеті жоқ, — дейді жоба жетекшісі.
Жоба жетекшісінің сөзіне қарағанда, шаблонды жүктеп, нұсқаулықты толығымен түсініп, туған-туыстардың, көршілердің проблемасын шешіп табыс тауып жатқан адамдар да бар.
Pro qarzhy Telegram-боты талданып, қолданушылар арасында мынадай проблема көп кездесетіні анықталған:
- тыйым салуды алып тастау (арест шешу);
- график шығару;
- төлем мерзімін кешіктіру проблемасы;
- шоттың бұғатталуы.
Жоба әрі қарай дамыса, оны әзірлегендер басқа қызметтерді де видео арқылы толық түсіндіруді жоспарлап отыр.
Бұған қоса жобаның Instagram-парақшасында қаржы сауатын арттыруға арналған ақпарат бар.
Дегенмен Алматыда метрода, билбордтарда несиенің жарнамасы өте көп. Бұл жарнамалар адамды тағы несие алуға итермелеп, қарызын көбейтеді. Алайда мұндай жарнамаларға заң жүзінде ешқандай тыйым салынбаған. Онда тек дұрыс ақпарат берілуі керек.
Қазақстандықтар жарнамадан емес, инфляцияның кесірінен көп несие алады. Елімізде бәрі қымбаттап жатыр. Оған қоса тамызда баласын мектепке киіндіруі керек. Мектеп формасының бағасы қымбат. Бір адамның жалақысына үш-төрт баланы толық киіндіру мүмкін емес. Сондықтан адамдар несие алуға мәжбүр, — деді Камила Енсегенова.
Оның айтуынша, ауылды аймақта ондай жарнама болмаса да, тұрғындар несие алады. Қалталы адамдар жарнамаларға еліктеп, несие алмайды.
«Несие мерзімін өткізіп алсаңыз да, ондаған миллион теңгеге дейін несие береміз» деген жарнамаларды жиі байқаймын. Осы жарнамаларға көңіл бөлер едім. Бұл қайдан келген ақша? Халыққа несиеге берілетін ақша қазынадан алынған. Ал ондаған миллион теңгеге дейін несие беретін компаниялар қаражатты қайдан алатыны белгісіз, — дейді Камила Енсегенова.
Жобаның жетекшісінің айтуынша, тұтынушылық несиенің проценті өте жоғары. Оны азайтса, халықтың бірталай проблемасы шешілер еді.