
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Кейбір оқушы өзі білетін мектебіне, класына барса, енді біреулері басқа мектепке ауысып жатады. Дегенмен әр бала жаңа ортаға әртүрлі бейімделуі мүмкін. Baribar.kz ана Әлия Наурызғалиевамен және психолог Әсем Ілесбаймен тілдесіп, жаңа мектепке ауысқан балаға берілуі керек көмек жөнінде сөйлесті. Бұған дейін шыққан материалды қайта жариялап отырмыз.
Жаңа мектепке ауысқан Рада
Әлия Наурызғалиеваның отбасы Алматы облысындағы Жаңақұрылыс ауылында тұрады. Төрт баласы бар: екі қыз, екі ұл. Әлияның айтуынша, екі жыл бұрын олардың ауылында жаңа мектеп ашылған. Оның 7-класқа көшкен Рада деген қызы сол оқу орнына ауысқан.
Басында қызым қиналып, кішкене күйзеліске түсті. Бұрынғы кластастарын қатты сағынды. Даярлықтан бері бірге оқыған достарына әбден үйреніп қалғандықтан, айырылыса алмады. Жаңа мектепте өзін жайсыз сезінді. Жаңа ортаға үйрену, балалармен тіл табысу қиын соқты, — дейді Әлия Наурызғалиева.
Әлияның айтуынша, сабақ басталғанына бірнеше ай болса да, Раданың бұрынғы мектебіне сағынышы басыла қоймаған. Қызының үнемі көңілсіз жүретінін байқаған. Әлия қызына: «Жаңа мектепке барған оқушылар көп, ештеңе етпейді, үйреніп кетерсің» деп, барынша қолдауға тырысқан.
Бір кезде Әлияның қызы үшін уайымдағаны сонша, оны бұрынғы мектебіне қайта ауыстыруды ойлаған. Алайда жаңа оқу жылы басталып кеткендіктен, мектеп басшылығы арызын қабылдамаған.
Қызым тұйық еді. Жаңа ортаға келгенде одан әрі тұйықтала түсті. Бірақ жаңа кластастары, класс жетекшісі, тіпті басқа мұғалімдер де оны жақсы қарсы алды. Оны ешкім бөлмеді. Бәрі керемет, — дейді.
Раданың жаңа мектебіне үйренуіне, жаңа достарымен тіл табысуына бір жыл керек болған. Қазір 9-класс оқиды. Жаңа мектебіне бұрынғыға қарағанда үйреніп қалған, достар тапқан.
Ата-ана балаға қалай көмектесуі керек?
Балалар психологы Әсем Ілесбайдың айтуынша, ата-ана ең әуелі баласына оның басқа мектепке көшетінін бірнеше ай бұрын айтып, ескертуі керек.
Бала жаңа мектепке не үшін ауысып жатқанын міндетті түрде білуі қажет. Ол «мен не үшін жаңа мектепке көшуім керек? Бұл маған не береді?» деген сұрақтарының жауабын алуы қажет. Ата-ана да ештеңені бүкпей, шынын айтқаны абзал, — дейді психолог.
Маман әр баланың психикасы әртүрлі болғандықтан, жаңа мектепке үйренуге кететін уақыт та әртүрлі болатынын айтады. Баланың жаңа ортаға бейімделу процесі бір айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Мұны ата-ана ескеруі қажет.
Бала бір жылдан соң да жаңа мектепке үйрене алмаса, онда бұрынғы немесе басқа мектепке көшіруді ойлауға болады, — дейді ол.

Ата-ана баланың психологиялық күйін, мінезін, жас ерекшелігін ескеру қажет. Психологтың айтуынша, бастауыш класта оқитын оқушы мектеп ауыстырса, оның жарасы жеңіл. Бала кішкентай болғандықтан, жаңа мектепті, жаңа адамдарды, жаңа ақпаратты тез қабылдайды.
Ал жасөспірімдер өте агрессив болады. Ортаға өте ұзақ бейімделеді. Оқушының жасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым бұл кезеңді ауыр өткереді. Себебі адамның жасы ұлғайған сайын мінезі пайда болады. Ата-ана бұған да дайын болуы керек, — дейді психолог.
Оған қоса жасөспірімге шешім қабылдауда ата-анасына қарағанда құрдастарының сөзі, пікірі маңыздырақ болады. Бала ата-анасының мектеп ауыстыру жөніндегі шешімін түсінбеуі, қабылдамауы мүмкін. Сондықтан ата-ана балаға дұрыс мотивация беруі керек, баланы тілін тауып, оның назарын жаңа мектептің артық тұстарына аудартқаны жөн.
Бала сабаққа барудан бас тартса, онда оған оқудың маңызын айту қажет. Балаға «Иә, балам, саған әзірше мектеп ұнамай жатыр, бірақ, сен білім алуың керек. Білім болашақта тұлға болып қалыптасуыңа әсер етеді» деп жұбатқан жөн.
Бала бұған да көнбесе, онда оны психологқа апарған дұрыс. Себебі бала жайдан-жай мектепке барудан бас тартпайды, мұнда үлкен мәселе болуы мүмкін.
Кейде бала жаңа мектеп ұнап-ұнамағанын ата-анаға айтпауы немесе қысқа ғана жауап беруі мүмкін. Мұндай жағдайда баламен көбірек сөйлесіп, тіл табысуға тырысу қажет. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жақсы болғаны маңызды. Сонда ғана бала проблемасын ашық айта атады, — дейді Әсем Ілесбай.
Мұғалім жаңадан келген оқушыға қалай көмектесуі керек?
Әсем Ілесбайдың айтуынша, жаңадан келген оқушының жаңа ортаға үйренуі, сіңіп кетуі мұғалімге байланысты. Мұғалім жаңадан келген оқушыны класқа таныстырғанда оның жақсы қасиеттерін айтып, мақтағаны жөн. Кейін оны кластың көшбасшысымен бір партаға отырғызғаны абзал. Әдетте класс көшбасшылары ашық, белсенді болып келеді. Ол жаңа оқушымен танысып, өзгелермен де тез араласып кетуіне ықпал етуі мүмкін. Мұғалім жаңа оқушыны тұйық, үндемейтің баланың жанына отырғызса, ол ашыла алмауы мүмкін.
Жаңадан келген оқушының жаңа ортада өзін жайсыз сезінетінін бірнеше фактор арқылы байқауға болады. Мысалы, оның тәбеті, салмағы, оқу үлгерімі, мінезі өзгереді. Ашық-жарқын оқушының мінезі кенеттен тұйықталады. Мұндай жағдайда балаға көмектесу керек, — дейді Әсем Ілесбай.
Дегенмен жаңадан келген оқушының асты-үстіне түсіп кетпеу де керек. Себебі оқушы — жеке тұлға. Мұғалімнің балаға бауырмал болғаны, онымен жақсы қарым-қатынас орнатқаны жеткілікті. Алайда жаңадан келген оқушыны кластастары шеттетсе, мұғалімі міндетті түрде араласып, мәселені шешуі керек.
Жаңа мектепке ауысқан бала нені білуі керек? Оқушылар жаңадан келген баланы қалай қарсы алуы қажет?
Психологтың айтуынша, бала мектепте, күнделікті өмірде түрлі мінездегі адам бар екенін білгені дұрыс. Жаңа мектебіндегі кластастары құшақ жая қарсы алмауы мүмкін екенін де түсінуі керек. Маман оқушыға жаңа ортадан қорықпауға, өзінің жақсы қырын көрсету, өзін сенімді ұстауға кеңес береді.
Жаңа ортада өзін жайсыз сезінсе, ең бірінші ата-анасынан, кейін мұғалімінен, жаңа класындағы жақын араласып үлгерген кластасынан көмек сұрауы керек. Көмек сұраудың еш әбестігі жоқ, — дейді психолог.
Сонымен қатар бала өзінің агрессиясын, мінезін басқара алуы қажет. Сонда оқушы ешкімге зиянын тигізбейді әрі өзгелердің агрессиясының құрбаны болмайды.
Ал кластастағы басқа оқушылар жаңадан келген оқушыны бірінші күннен бастап танысып, жақын тартқаны жөн. Сол кезде оқушы тез ашылып, ортаға тез бейімделеді. Десе де ата-ана да, мұғалім де, басқа оқушылар да жаңадан келген оқушының өзі тұйық болуы, бәрімен бірден тіл табысып кетпеуі, тез бейімделмеуі мүмкін екенін ескергені жөн.