Сая Бақимова
Сая Бақимова. Фото жеке мұрағаттан

Бала кездегі психологиялық соққылар жайлы айта бастағанда мына нәрсені есте сақтау керек — бала кезде біз объектив түрде әлсіз, кішкентай боламыз және үлкен адамдарға тәуелдіміз. Баланың қабылдауынша, үлкендер — құдіретті, жазалаушы, қолында билігі бар адамдар. Хан сарайында өссе де, кей жағдайды агрессив, жайсыз деп қабылдауы мүмкін.

Соққыларды төмендегідей бес топқа жіктеу олардың өте көп түрін барынша ретке келтіруге тырысу деп біліңіздер.

Кері итерілген адам

Соққының алғашқы түрі баланы психологиялық түрде кері итергеннен болады. Шартты түрде «кері итерілген адам» деп алайық. Мұндай адамды бала күнінде жақындары тыңдағысы, көргісі келмеген, жүріс-тұрысын ұнатпаған, қаламаған. Көп жағдайда жынысына байланысты қаламауы мүмкін (мысалы, ұл күткен, бірақ қыз бала дүниеге келген). Қасынан қуып жіберу, ойынын, тілегін қабылдамау жиі болып тұрған. Мысалы, «Тамақ жемейсің бе? Тіпті жақсы, өзіміз жеп қоямыз». Бұл жерде ата-ана баланың тілегін қабылдамай отыр. Тамақ жегісі келмеу қылмыс емес, бірақ бала ата-ананың әрекетіне қарап «Сенің болмағаның бізге жақсы» дегенді ұғады. Тағы бір мысал: бала анасынан үй тапсырмасын орындауға көмек сұраса, «Әкеңе бар, сол ерігіп отыр» деуі мүмкін. Бала не ойлайды? «Анам тағы көмектеспеді. Демек, мен тағы дұрыс сұрай алмадым. Ал әкем басқа жұмысы болмаған кезде ғана маған қарайды». Келе-келе ол бала бір бұрышта, тып-тыныш отыруға тырысады.

Есейгенде мұндай жандар көбіне адамдардың ортасында өзін ыңғайсыз, артық сезінеді. Топпен отыруға, ойын айтуға, әзілдеуге батпайды. Артық бірдеңе істеп қойып, бұрынғыдай беті қайтарылғаннан қорқады.

Оған «Мен ешкім емеспін, босқа жүрмін, түк қабілетім жоқ» деген ой жиі келеді. «Шектен тыс бірдеңе істеп қойсам, мені қабылдамайды» деп қорыққаннан коммуникация атаулыдан жайсыздық сезінеді. Қарым-қатынаста өзін тыныш, құпия, ойын ашып айтпай, қашып жүргендей ұстайды. Өйткені бар ойы — көп орын алмау, көзге қатты түспеу. Бір қарағанда ұяң, құпия адам болып көрінеді. Бірақ біраз уақыттан кейін ұяң емес, жаралы, қорқақ адам екені байқалған соң жанындағы адам шеттете бастайды. Оның санасында «мені кері итеріп жатыр» деген жағдай қайталанады. Адамдар «бір жағдай қайталана береді, бірдей адамдар жолыға береді» деп шағым айтқанда, осы механизм туралы ойлану керек. Бірдей әрекет — бірдей нәтиже.

Өзін тастанды сезіну

Соққының келесі түрі — өзін тастанды сезіну. Бірінші соққыдан айырмашылығы — кері итерілген адам әйтеуір бір эмоция, жылулық болғанын есіне түсіре алады, тастанды адам жылулыққа үнемі зәру болып, бала күнінде оны ешкім жақсы көрмегендей сезінеді. Эмоциялық аштыққа ұшырайды.

Мұндай күй неден пайда болуы мүмкін?

— Бала ауруханада жиі жатса;
— Анасы, я әкесі болмаса немесе болып, кейін тастап кетсе, ерте қайтыс болса;
— Баланың тәрбиесімен тек біреуі айналысып, екіншісі мүлдем араласпай қойса (символдық түрде оны да жоқ адам деп қабылдауға болады).

Мұндай бала өсе келе соққысын жасыру үшін өзін біреуге тәуелді етіп ұстайды. Тәуелді адам сырт көзге еріншек болып көрінуі мүмкін — физикалық, белсенді жұмыспен жалғыз айналысудан қашады. Құр қарап тұрса да, қасында біреу болғанын қалайды. Бір өзі барлық жұмысты жақсы атқарса, адамдар көмектеспей қояды, жалғыз қаламын деп ойлағаннан жауапкершілігіне алған міндетін көбіне дұрыс орындай алмайды. Біреуге жақсылық жасаса, міндетті түрде «Ол адам енді мені жақсы көреді, менің қасымда болады» деп күтеді. Олай болмаған жағдайда қатты ренжиді, бұрынғы соққысы, жарасы сыздап, «тастанды» сезінеді. Ұсақ-түйекке жиі ақыл сұрайды, бірақ бәрібір өз қалауын істейді. Себебі оған шын мәнінде ақыл емес, біреудің өмірінде болғаны ғана керек.

Көбіне бірнеше адам болып келе жатса, ең соңынан жүруге тырысады. Біреу бастап, өзі ілесіп жүретін позиция ұнайды.

Қарым-қатынас бастағанда қайта-қайта телефон соғып, мазасызданып, жалғыз өзі шешім қабылдауға қорқады. «Сөйтсем, жалғыз қалмаймын» деп сенеді. Шын мәнінде, оның мұндай әрекетінен серігі шаршайды да, біраз уақытқа жоқ болып кетіп, «демалып» келеді. Мұндай жағдайдан кейін ол одан сайын тәуелді күйге түседі.

Серігінің телефонын бақылағысы келеді, үнемі эмоция талап етеді: «Неге үндемейсің? Неге жақсы көрем деп айтпайсың? Бірдеңе деп айт!»

Махаббат іздеп, басқа адамдардың жауапкершілігін өзіне алады. Нәтижесінде өмірі маңызы жоқ, бос нәрселерге толып кетеді. Мұндай соққы қонақты жиі шақыра беретін адамдарда кездесуі мүмкін. Тәуелді адам «жоқ» деген сөзді қабылдай алмайды, жиі күрсінеді, тез жылайды. Басқа адамдардың көңіл-күйіне тәуелді болады.

Тұлға басқалар құрметтемесе, өзіне тиесілі деген нәрсесін ала алмаса, әділетсіздікті сезінеді. Бала ата-анасының тым билікқұмарлығынан, үнемі ескерту жасағанынан, қатаң, шыдамсыз болғанынан, ал өзінің керісінше тым көнбіс болғанынан зардап шегеді.

Баланың әділетсіздікке бірінші реакциясы — қауіпсіздігі үшін мазасын алатын эмоцияларды өзінен алыстатуы. Бұдан былай қарай оның псиxикасы икемді емес, керісінше ригид, біржақты болуға бейім. Психологиялық икемді адам деп жағдайға тез үйренетін адамды айтады.

Бірақ эмоцияны сезінбеуге тырысу деген оны сезбеу емес. Керісінше, мұндай сырт көзге суық адамдар өте сезімтал келеді. Алайда сезімталдығын өзінен де, өзгелерден жасырады. Өздерін сендіргені сонша, сырт көзге түк сезімі жоқ, қатты болып көрінеді. Жиі қызғаншақтық танытады — «басқалар аз жұмыс істеп көп ақша табады», «табиғатынан біреулер сұлу, ал мен күнде боянамын» деп мазасы кетеді. Өзінің жолы болса, оны бәрі міндетті түрде көре алмайды деп санайды. Бастығынан немесе басқа авторитет адамдардан қорқады. Олар сұрақ қойса, түсініктеме сұраса, өзін әділетсіз кінәлап тұр деп сезіне бастайды. Бірдеңе түсіндірерде көбіне нақты емес, тым әсіреленген ақпарат береді. «Үнемі», «ешқашан», «өте» деген сөздерді көп пайдаланады. Жанындағы адамға «Сен ешқашан үйде болмайсың», «Сен үнемі сөзіңде тұрмайсың» деуі мүмкін. Осылай айту арқылы өзі де басқа адамға әділ болмай тұрғанын байқауы керек. Өзінің минустарын білсе, оны ешкімге көрсетпеуге тырысады, өзін тым қатты бақылауда ұстайды. Алайда мұнысы да өзіне деген әділетсіздік — өзіне тым биік талап қояды.

Мұндай адамдар барлық мәселені бірден шешіп тастағысы келеді. Өзіне жағдайды қабылдауға, адамдарға тән әлсіздік танытуға мүмкіндік бермейді. Өзінің шамасы келмейтін кездерді де сезбейді. Көбіне әбден шаршап, зорыққанша жұмыс істейді.

Ешкімнен көмек сұрағысы келмейді. Одан да бәрін өзі істегені дұрыс деп санайды. Осының кесірінен көбіне мұндай адамдар жұмыста тез «жанып» кетеді.

Отбасында серігі «суық» деп ренжиді. Басқаның адами болмысын қабылдап, әлсіз тұстарын кешірмейді. Сезімге ерік бере алмайды. Идеал болуға ұмтылады. Қызғаншақ. Өз сезіміне құлақ аспайды. Қолын жиі айқастырады. Көбіне шалт. Жиі ақталады. Көмек сұрауға қиналады. Шын сезімдерін жасыру үшін болмашы нәрсеге күле береді. Дауысы қысылып, әрең шығады.

Проблемасын мойындамайды. Жасаған таңдауына күмәнмен қарайды. Үнемі «Кім күшті?», «Кім төмен?» деп салыстырып жүреді. Аз алғанын да, көп алғанын да әділетсіздік деп бағалайды. Өзіне ұнайтын, жағымды нәрселерді аз істейді, демала алмайды, оған еңбегім сіңбеді деп санайды.

Өзін қатты бақылайды, кемшіліктерін білгісі келмейді. Тәртіпті жақсы көреді. Сирек ауырады. Адамдардың суықтығынан қорқады.

Кемсітілген адам

Бала ата-анасы сол үшін ұялатынын, не болмаса үсті кір болып, қонақта бірнәрсе бүлдірсе, дұрыс киінбесе, ұятқа қалудан қатты қорқатын болса, көп жағдайда кемсітілген адамның соққысы пайда болады. Кемсіту — адамның абыройына нұқсан келтіруге бағытталатын әрекет.

Есейе келе ұялған, кемсітілген, масқара болған кездер, физикалық келбеті ойындағыдай болмауы соққыны одан әрі тереңдете береді. Мысалы, бала ойнап отырып, бөлмені әбден шашып, бояп, кейін мамасының «Мына бала шошқа сияқты» дегенін естуі, яки баланың істеп отырған әрекетін көре сала «Істеме олай!» деп жиіркенішпен айқайлауы. Кішкентай нәрестенің өзі ата-анасының жиіркенген сезімін байқай алады немесе ата-анасының біреуін жалаңаш көріп және олардың ұялғанын, тығылғанын байқаса, өз денеңнен ұялу керек деген тұжырым қалыптасады.

Мұндай соққысы бар адамдарда мазохистік белгілер болады. Ол — қиналудан қуаныш табу. Әдетте бейсаналы түрде қиналыс, кемсіту сезінетін ситуацияларды іздеп табады. Өзіне жағымсыз болатын ситуация жасау тиімді, себебі мұндай жағдайда оны басқа адам емес өзі жазалайды.

Жасөспірім бір жерге сұранайын десе, «Ой, мені бәрібір жібермейді, босқа сөйлейді, ертең проблема болады» деп қашады, яғни өзін алдын-ала шектеп қояды. Оның ойынша, біреудің алдында өзін кем сезінуден осылай қашуға болады. «Өзіңе қарамайсың ба? Жұрттың баласын көр, мұғалімнен, көршілерден ұят болды» деп те ата-ана жағдайды өршітіп отырады. Мұндай адам өзінің маңызды, салмақты, ақылды екенін көрсетуге тырысады.

Соққысын жасыру үшін өзін пайдалы сезінгісі келеді. Мазохист қанша жерден басқалар үшін бірдеңе істеп жатырмын десе де, ең бірінші өзі үшін істейді. Шын мәнінде, адамдар үшін бәрін істедім деу арқылы оларды өзі кемсітетінін түсінбейді. Демек, ол басқаларға сенбейді, басқаларды кішірейтеді. Отбасында бүкіл шаруашылықты өзі басқарып, ешкімді араластырмаса, бейсаналы түрде өзін мықты, құрметке лайық адам қылып көрсеткісі келгені. Әдетте мұндайдан кейін керісінше өздерін біреу пайдаланғандай, одан сайын қорлық сезеді.

«Ешкім керек қылмады, ешкім мені ойламады» деп барынша өздерін аяп, ауырған жанын одан сайын ауырта береді.

Көбіне саналы түрде өздері не қалайтынын біледі. Бірақ сезіміне құлақ аспай, «қалағаныма қол жеткізбедім» деп өздерін жей бастайды. Кішкентай сынды да көтермейді. Бірақ қатысы болмаса да, өзін кінәлі санайды.

Конфликт болса, өзін төмендетіп, жамандап, «Қайтсем бәрін жуып-шаямын?» деп кешірім сұрай береді. Бұл, әрине, серігін одан сайын ашуландырып, кемсітуге алып келеді. Мұндай адамдар конфликт кезінде фактты айтпай, жеке басқа көшіп кетеді. «Сол кезде мен дұрыс істемедім» деп емес, «Әне, мен сондаймын, мен ақымақпын, не істеймін енді» деп сөйлейді. Еркіндікті қатты жақсы көреді. Олар үшін еркіндік — ешкімнің бақылауында болмау. Жасөспірім кезінде өзін ешқашан еркін сезінбеген, яғни ата-анасы біреумен дос болуға, бір жерге баруына жиі қарсы болған немесе үйде белгілі бір жұмысты істеуге міндетті, өзінен кейінгі балалармен қаламаса да үйде қалуға мәжбүр болған. Сол себепті еркін сезінген кездерінде гүлдей жайнап, кең тыныс алады.

Алайда мұндай кезде шекті білмей қалады — көп тамақ жейді, көп нәрсе сатып алады, тым көп тамақ дайындайды, көп ішеді, көп жұмыс істейді, көп сөйлейді, көп шығын шығарады, өзін өте бай санайды. Кейін мұны түсінеді де басқаларға күлкі болдым-ау деп тағы қиналады. Әрине, осындайдан кейін еркіндікті қанша жақсы көрсе де, өзін тежеп, қашқақтайды. Жеке, қоғамдық өмірде, сауда, қыдырыс, тағы басқа әрекетте ұят нәрселер істеп қоярмын деп, өзіне шектеу ойлап табады. Әрі өзін ғана ойласа, басқаларға керек болмай қаламын деген қорқынышы да бар.

Менен бас тартты

Соққының соңғы түрі — сатқындық. Біреу басқа адам не зат үшін «менен бас тартты» деп сезіну. Мақсатқа жету үшін манипуляция құрбаны болуы да сатқындық деп қабылданады.

Бала үнемі анасы үшін бірінші орында болса және бір күні анасы өзін емес, әкесін, бауырларын жақсы көреді, таңдайды деп санаса, бұл жағдайды «сатқындық» деп қабылдайды. Жылы-жұмсақтың бәрі өзінікі болып келіп, бір күні оған «Қалған тортқа тиме, оны әкең жейді» дегенді де сатқындық деп бағалауы мүмкін. Себебі бұған дейін балаға шекара барын ешкім көрсетпеген, енді аяқастынан анасы «зұлымдық жасап тұр». Не істеп қойғанын білмейді.

Тағы бір мысал. Толық емес отбасында мамасы үнемі баланың жағдайын ойлап, өзін құрбан етіп, оны бірінші орынға қояды. Белгілі бір мағынада анасы «жоқ» деп айта алмайтын «бос» адам болып көрінеді. Күндердің бір күнінде анасы соңғы тәттіні өзі жесе, (бала оны жейтінін айтпауы да мүмкін, себебі оның ойынша үйдегі бар нәрсе онсыз да өзіне тиесілі сияқты) оны да сатқындық деп қабылдайды. Себебі о бастан балаға шекара барын, «Анам да шаршайды, оның да өз қалауы бар» деп түсіндірмеген. Анасы босанып, енді тек кішкентайға көңіл бөлсе де, сондай болады. Уәде беріп, оны неге екенін түсіндірместен орындамау да — «сатып кету».

Мұндай бала өсе келе басқаларды бақылауда ұстағысы келіп тұрады. Бұл бақылаудың айырмашылығы — сөзінде тұруды, адал болуды, алған жауапкершілікті орындауды қадағалайды, басқалар айтқан нәрселерін орындап жүр ме, сенуге бола ма — соны білгісі келеді. Мұндай адамдар есейе келе өзге жыныстағы адамға «сенуге болмайды» дегенді көп айтады.

Адамдардың көкейіндегі нәрсені дөп басып айта алады. Басқалар не күтсе, соны жасайды. Көбіне ашық, коммуникацияға бейім адам, бірақ біреу оның ойымен келіспесе, мұны сатқындық деп бағалап, уайымдайды. Ұрыстан қашады. Біреу өзінен мықты, айлалы болып көрінсе, өзінен-өзі қуыстанып, қаша бастайды. Себебі ондай адамдарды бақылай алмайды.

Басқа соққылармен салыстырсақ, кері итерілген адам өзін ешкім емеспін дейді, тастанды адам жалғыздықтан қорқып, жылулық іздейді, кемсітілген адам ұятқа қалудан қорқады, ал сатқындық көрген адам біреу өзін немесе ойы мен тұжырымын басқаға айырбастап кеткенінен қашады, бәсекелестікті жек көреді, одан қорқады.

Міне, бала кезде алатын бес негізгі соққы — осылар. Бойыңыздан бұлардың екі-үшеуін, тіпті бәрін тауып алсаңыз, қорықпаңыз. Балалық шақ — әлсіздіктен неше түрлі соққыға бейім кез. Сіз қазір өткенді өзгерте алмасаңыз да, сол кезді қалай қабылдайтыныңызды өзгерте аласыз. Себебі кез келген тәжірибе — өмірлік сабақ пен эмоциялық толығудың көзі.

Псиxоаналитикалық бағыттағы псиxолог. Алматы қаласында жеке қабылдайды және басқа қала тұрғындарымен скайп арқылы жұмыс істейді.