Еліміздегі кәсіпорындар биыл 1,6 миллион тонна ұн өндірді

Қазақстандағы ұн тартатын кәсіпорындар биыл қаңтар айынан маусым айына дейін 1,6 миллион тонна ұн өндірді. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамалы өсім (+0,4%) байқалады.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, экспортқа 762,4 мың тонна ұн жіберілген. Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Ресей отандық өнімнің дәстүрлі сатып алушылары болып қала береді. Сонымен қатар 2022 жылдың қорытындысы бойынша Израиль, Ирак, БАӘ және Түркия сияқты елдерге ұн өткізу нарығы кеңейді.

Статистика бойынша, биыл шілдеде ұн бағасының төмендеуі байқалды. Өндірушілердің өнімі тоннасына 170,8 мың теңгеден 168,7 мың теңгеге дейін арзандады. Бұл ретте көтерме баға бір келі үшін 245 теңгеден 240 теңгеге дейін төмендеді. Соңғы тұтынушы үшін бөлшек саудада бір келі ұнның бағасы орта есеппен 232 теңге.

Айта кетейік, ұн тарту саласында бүгінде жалпы қуаты жылына 9,3 миллион тонна астық өндіре алатын 270-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

2022 жылы үш жылдық құлдыраудан кейін елдегі ұн өндіру рекордтық көрсеткіштерге жетіп, қазақстандық нарыққа 3,4 миллион тонна өнім түсті. Отандық ұн өндірісінің көлемі елдің ішкі тұтыну көрсеткішінен 2,2 есе көп: жылына шамамен 1,5 миллион тонна.