«Қазақстан» шахтасындағы өрт: 13 кеншіге медициналық көмек қажет

«Қазақстан» шахтасында зардап шеккен 18 кенші бірнеше ауруханада емделіп жатыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

17 тамыз күні Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға тоғыз кенші жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінен токсикологияға ауыстырылды. Дәрігелердің айтуынша, пациенттердің жағдайы ауырлау, бірақ есін біліп жатыр. Диагноз — жедел интоксикация синдромы мен энцефалопатия. Кеншілер иістен қатты уланып қалды.

Қалған жеті адам токсикология бөлімінде. Орташа ауырлық дәрежесі, жағдайы бірқалыпты, — дейді мамандар.

Ал Шахтинск қаласының орталық ауруханасының терапевтік бөлімшесіне төрт кенші түсті. Біреуі ауруханаға жатқызудан бас тартса, қалғандары ем алып жатыр. Тағы біреуі амбулаториялық ем алу үшін үйге жіберілді.

18 тамыздағы жағдай бойынша, аймақтың медициналық мекемелерінде зардап шеккен 11 кенші бар.

Еске салайық, 17 тамызда сағат 10.05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында өрт шықты. Барлығы шахтада 227 адам болған. Оның 222-сі жер бетіне шығарылса, бесеуі жер астында қалды.

Кейінірек бір марқұмның – компания қызметкері, 1965 жылы туған Виталий Слюнковтың мәйіті табылды. AMT тағы төрт кеншіні іздеу жалғасып жатқанын хабарлады.

18 тамыз күні сағат 8.15-те шахталарды зерттеу кезінде тағы бір марқұмның денесі табылды. Тағы үш адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.