Нарколог энергетик сусындар жайлы: Соңында адам ауруханадан бір-ақ шығады

нарколог, энергетик сусындар
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Қазір адамдар үнемі сергек жүріп, күн ішінде көп тірлік бітіру үшін түрлі әдіс қолданады. Бірі таң атпастан кофе ішкенді жөн көреді, енді бірі энергетик сусын ішпесе, ұйқысын аша алмайды. Психиатр-нарколог Шолпан Наурызбаева Baribar.kz тілшісіне энергетик сусындардың адам ағзасына зияны туралы баяндап, оны немен алмастыруға болатынын айтты.

Энергетик сусындар ағзаға қалай әсер етеді?

Шолпан Наурызбаева кейінгі жылдары жастар энергетик сусындарды көп іше бастады дейді. Мұны өз тәжірбиесіне сүйеніп айтып отыр.

Қазір жастар энергетик сусынға әуестеніп алған. Олар оны энергия алу үшін, сергек жүру үшін, ұйқы ашу үшін ішеді. Бірақ бұл сусынды ішкен соң, энергия сырттан келмейді. Керісінше, адамның бойында бар энергия уақытынан тыс бөлінеді де, осылай адамның күш-қуаты сарқыла береді, — дейді ол.

Дәрігер энергетик сусын тек уақытша әсер ететінін айтады. Сусынның күші қайтқан соң, адам оны қайта ішкісі келіп, ақырында тәуелді болып қалуы мүмкін.

Энергетик ішкен соң, бір сәтке көңілі көтеріліп, сергіп қалғандай болғанымен, біраз уақыттан соң адамның жағдайы нашарлай түседі. Әлсіреп, ұйқысы келіп, ойы шашыраңқы болып, жұмыс істеу қабілеті азая бастайды. Энергетик сусын тек төрт сағат әсер етеді. Төрт сағаттан соң адам сол кері әсерден құтылу үшін тағы энергетикке жүгіреді. Осылайша шеңбер қайта басталып, адам тәуелді бола бастайды, — дейді нарколог.

Оның айтуынша, сусынға тәуелдік асқынып кетсе, медицина көмегі керек болуы мүмкін. Дене тәуелдігі кейін психикалық тәуелдікке ұласады.

Энергетиктің әсері кеткен соң, жаңағы әлсіреу, шаршау деген сияқты күйден құтылу үшін адам қайта-қайта энергетик сусын ішкісі келеді. Бұл — дене тәуелдігінің белгісі. Ал психикалық тәуелдік пайда болғанын адамның мінез-құлқы өзгергенінен біле аламыз. Ондай кезде адам өз әрекетіне жауап бере алмайтындай болып, қалай дүкенге барып, тағы энергетик сатып алғанын білмей қалады. Адамның денесі санасын тыңдамайтын, ақылға бағынбайтын халге жетеді. Ішпесе, таба алмаса, ашуланып жүреді, содан жүйкесі де жұқара бастайды. Қанағаттана алмаған соң, көңіл-күйі де болмайды. Соңында адам күйзеліске түседі, — дейді Шолпан Наурызбаева.

накролог, энергетик сусындар
Шолпан Наурызбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шолпан Наурызбаева тәуелдіктің ақыры күйзеліске айналып, емханада жатуды қаламайтын адам бұл сусынды ішкенде арнайы мөлшерлеме барын ескеруі керек дейді.

Энергетикті аптасына немесе екі аптада бір рет қана ішу керек. Сол кезде бір күнде екі құты ішуге болады. Бірақ бұл кеңеске құлақ асатындар аз. Қазір үш мезгіл тамақ орнына энергетик ішетіндер көбейіп барады, — дейді дәрігер.

Энергетик ішетін адамдар кімдер?

Наркологқа энергетик сусынға тәуелдіктен емделуге келетіндердің көбі — 18-35 жастағылар. Бірақ кейінгі жылдары қатарға жасөспірімдер де қосылған.

Бұған қоса энергетик ішетіндердің көбі — ерлер. Көбі — қызмет көрсету саласында істейтін, адамдармен үнемі байланыста жүретін қызметкерлер. Бірақ ешкім аурумын деп келмейді, тек іштей бірнәрсе дұрыс емес екенін біліп тұрады. Өзі келсе, жақсы, әрине. Бірақ көбін жақындары ертіп әкеледі,  — дейді дәрігер.

Маман энергетиктер еркін сатылатынын сынға алды. Осы себептен көп ауру жасарып бара жатқанын айтты.

Қазір энергетик ішетіндердің көбі — студенттер, такси жүргізушілері, толық бір тәулік ауысып жұмыс істейтіндер. Энергетик сусын құрамында алкоголь жоқ болған соң, қазір оны сатып алу да қиын емес. Жас бойынша да шектеу жоқ. Ал энергетиктерді мөлшерінен тыс қолданса, адам ауруханадан бір-ақ шығуы мүмкін. Энергетик ішетіндердің көбі жүрек ауруларына шалдығады. Басында тахикардия басталып, жүрек жиі соға бастайды. Кейінірек жүректің ритмі бұзылады. Бұған қоса мұндай сусынды жиі ішетін адамның қан қысымы көтеріледі. Энергетик сусынның құрамында қант та көп. Сондықтан оны көп ішсе, адам уақыт өте қант диабетіне шалдығуы да мүмкін, — дейді ол.

нарколог, энергетик сусындар
Шолпан Наурызбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Энергетик сусындардың құрамы қандай болады?

Нарколог адамдардың энергетикке құмартуының басты себебі сусын құрамының өте күшті болғанынан дейді. Оның айтуынша, сусын құрамындағы көп нәрсе күндік нормадан тыс шамада болады.

Кез келген энергетик құрамында көп мөлшерде кофеин болады. Бұған қоса сусындағы қант мөлшері де күндік нормадан жоғары. Энергетиктердің құрамында В тобы дәрумендері де бар, олардың адамға энергия беретіні рас. Осы тұста адамдар алданады. Дәрумен емес пе, демек зиян емес, керісінше, пайдалы деп ойлайды. Бірақ бұл жерде дәрумен кофеин, қант және басқа шөптермен әрекеттесіп тұр. Оның үстіне стандарт мөлшерлемесі де жоқ. Әр өндіруші сусын құрамындағы қай нәрсені қандай мөлшерде қосатынын өзі біледі. Сондықтан соңында бір сусын болып шыққан соң, бағанағы дәрумен де пайдалы болудан қалады, — дейді нарколог.

Құрамы ең күшті энергетиктер қайсы?

Нарколог қазір энергетик сусындар бөлек кәсіпке айналғанын айтады. Ол құрамы өте күшті үш сусынды атады.

Дүкендерде энергетиктің неше түрі тұр. Негізі сатылымда жүрген барлық энергетиктің құрамы ұқсас, бірақ құрамдас ингредиенттердің мөлшері әртүрлі. Бәрінің құрамында кофеин, таурин мен дәрумендер, қант, тағы басқалары бар. Бірақ бізде сатылатын энергетиктердің арасындағы құрамы ең күшті әрі ағзаға тез әсер ететіні — Red Bull сусыны. Бұдан соң Gorilla және Dizzy сусындарын атауға болады.

энергетик, Gorilla, Dizzy, Red Bull
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шолпан Наурызбаева адам өз бетінше емделе алмаса, кемі үш ай емханаға келіп, курс алуы керек екенін айтты. Мұнда алдымен адамның қаны тазартылады.

Әуелі «детокс» жасап, қанын тазалаймыз. Кейін емдік әсерді ынталандырушы дәрілер жазып береміз. Бірақ емнің қанша уақытқа созылары адамға байланысты. Өзі ауру екенін, тәуелді екенін мойындап, қабылдамаса, ем қона қоймайды. Емдеу курсы — үш-алты ай. Курс аяқталған соң да, адам тұрақты түрде дәрігерге қаралып тұруы керек болады, — дейді ол.

Маман энергетик сусын орнына кофе ішуге болатынын айтады. Оның айтуынша, бұл сусын да аса пайдалы болмағанымен, құрамы энергетиктен әлсіздеу.

Энергетикке тәуелді болудан құтылғысы келетін адам орнына кофе ішіп көрсе болады. Бірақ кофе құрамында тек кофеин болатындықтан, күші энергетиктей болмауы мүмкін. Бірақ осылайша көп бәленің алдын алуға болады, — деді ол.

Энергетик сусынды кімге ішуге болмайды?

Дәрігер кейбір адамға энергетик сусын ішуге болмайтынын айтты. Оның айтуынша, бұл тізімдегілердің ағзасы сусын құрамын көтере алмайды.

Жүкті әйелдерге, емізетін баласы бар аналарға, жүйке аурулары бар науқастарға, жүрек-қан тамырлары ауруы мазалайтын адамдарға энергетик сусын ішуге тыйым салынады. Бұл топтағы адамдардың ағзасы бұл мөлшерлемені көтере алмайды. Энергетик сусын ішер болса, ол жүрекке әсер етіп, тіпті жүрек тоқтап қалуы мүмкін, — дейді ол.

Энергетик сусын шуге болмайтын адамдар тізімінде 18 жасқа толмаған балалар да бар.

18 жасқа толмаған балалардың ағзасы сусын құрамын көтеруге дайын емес. Демек, мұндай сусындардың сатылымын заңдастыру керек. Меніңше, 25 жасқа дейінгі азаматтарға сатылмаса, тіпті жақсы. Қазір тіпті оқушылар да энергетикті су ішкендей сіміреді. Қанша дегенмен, заң әлсіз болуы мүмкін. Сондықтан адам есін жиып, өз өмірі үшін жауапкершілік алғаны дұрыс, — дейді маман.

Қалай бас тартуға болады?

Шолпан Наурызбаева энергетик сусыннан түбегейлі бас тартуға болатынын айтады. Ол үшін адам ақырындап күніне дұрыс әдеттер енгізе бастаса болғаны.

Энергетик сусынға үйреніп қалған адам үшін бұл кеңестерге құлақ асу қиын болуы мүмкін. Бірақ мұнда басты салмақ адамның ерік-жігеріне түседі. Жауапкершілікті сезінетін адам соңы немен бітуі мүмкін екенін де біледі. Сондықтан ең дұрысы — салауатты өмір салтын ұстанып, табиғи таза ауыз су ішу. Ауыз суға энергетиктің орнын басушы емес, жалпы адам өмірі үшін ең пайдалы нәрсе деп қараған дұрыс. Ұйқыңызды дұрыстаңыз, ұйықтар алдында гаджетке жоламаңыз. Күн сайын таңертең жаттығу жасаңыз, — дейді ол.

Дәрігер мұндай кеңеске құлақ асатын адам ешқашан энергетик қажет етпейді дейді. Себебі дені сау адамның үнемі энергиясы толық, ұйқысы да қанық болады.

***

Тағы оқыңыз:

Күнге күйген ағзаға пайдалы ма? Дерматолог жауап берді