Жүктілік кезінде нені білген жөн?

Жүктілік кезінде қалай тамақтанған дұрыс?

Тамақты мезгілімен жейтін болсаңыз, бойдағы балаға керекті заттар бірқалыпты жеткізіліп тұра­ды. Мына төрт түрлі тамақты күн сайын жеуге тырысу керек:

  1.  Нан (ақ наннан гөрі қара нан жеген дұрыс), дәнді дақылдардан, бұршақ, жасымықтан жасалған ботқалар, кеспе, күріш.
  2. Жаңа піскен жеміс және көкөністер.
  3. Ет пен балық.
  4. Сүт тағамдары (күніне кем дегенде 1 литр): сүт, айран, йогурт, ірімшік, т.б.
тамақ себет
©likar.info

Сондай-ақ, сұйықтықты (сүт, айран, су, сұйық шай, жеміс шырындары т.б.) жеткілікті мөлшерде ішу өте маңызды. Денеден зиянды заттарды несеп, тер арқылы сыртқа шығару үшін қос бүйрекке күніне 1–1, 5 литр су керек. Жүкті әйелдің аяғы суды көп ішкеннен іседі деген пікір дұрыс емес. Аяқ ісуінің нағыз себебі гормондық өзгерісте, яки жүктілік кезінде арнайы без­дердің жұмыс істеуінде, демек бұл әйелдің өзі­не тәуелді емес. Сол бездер әйел ағзасына арнайы заттарды бөліп шығарады да, солардың әсерінен жасушалар босаңсып, оларға су бұрын­ғыға қарағанда көбірек жинала бастайды. Сондықтан, бірқалыпты өтіп жатқан жүктілік кезінде су ішуді шектеу дұрыс емес. Су бүйректің дұрыс жұмыс істеуі үшін өте маңызды. Жоғарыда айтылғандай, аяқ аздап ісіңкіресе бұл қалыпты жағ­дай. Ол туралы алаңдамауға да болады.

Қандай дәрумендер пайдалы?

Ақуыз (белок) дене жасушаларының қалыпта­сып өсуі үшін, демек, құрсақтағы нәрестенің өсіп-да­муы үшін де өте маңызды.

Ет, балық, ірімшік, бұршақ, ірі бұршақ, жасымық әрі сүтте, асқабақ пен күнбағыс дәнектерінде және жұ­мыртқа­да ақуыз мол. Дәрумендер (витаминдер): Көкөніс, жапырақты салат және жаңа піскен жеміс-жидек­­терде дәрумендер (витаминдер) мол. Дайын шырындарға қарағанда жаңа піскен жеміс-жидек­тер әлде- қайда пайдалы әрі арзан. Әрине, олар жақсылап жуылуға тиіс.

Кальций. Сүт, ірімшік, құрт, айран, соя бұршағы, күн­бағыс дәнектерінде және жасыл көкөністерде мол.

Темір. Мына азық-түлік түрлері темірге аса бай: сиыр еті, бұр­шақ тұқымдастар, яғни жасымық (чечевица), фасоль, ала, ақ және жалпақ бұршақтар. Сондай-ақ, қой еті, тауық еті, шабдалы, сары және қара өрік, жидектер, асқабақ, күнбағыс дәндері, грек жаңғағы, қызылшаны да жиі жеген дұрыс.

Ескерту: Бауырда темір өте көп, бірақ онда А витамині де мол. Аяғы ауыр әйел А витаминін тым көп мөлшерде қабыл­даса, бұдан жүктілік барысына және іштегі балаға зиян келуі мүмкін. Егер жейтін тамағыңыз әр алуан болса, солардағы А вита­ми­нінің мөлшері де сізге жеткілікті болады. Бауыр жеуді апта­сына бір ретке дейін шектеген дұрыс.

С дәрумені

С дәрумені (витамині) темірдің ағзаға жақсы сіңірілуіне көмектеседі. Сондықтан темірі бар дә­ріні осы витаминге бай апельсин, лимон, манда­рин, грейпфрут, бұрыш, жасыл түсті көкөніс, жидектермен қосып қабылдаған дұрыс.

Жүктілік кезінде қанда темір деңгейінің төмен болуы (ане­мия) – жиі ұшырасатын жайт. Қанында темір деңгейі төмен адам өзін қатты шаршағандай, тіпті ауа жетпей жатқандай, сезі­неді. Темір дең­гейін қалыпты дәрежеде сақтау үшін құрамын­да темірі мол арнайы дәрілерді қабылдауға болады. Жүкті­лік кезінде қа­ныңыздағы темір деңгейінің қандай екені емхана­ға барып анықтаған дұрыс.

Неден бас тартқан жөн?

Шай, кофе, сүт тағамдары темір­дің ағзаға сіңірілуіне кедергі жасайды. Сондықтан темір таблеткаларын қабылдасаңыз, содан бір са­ғат бұрынғы және бір сағат кейінгі уақыт аралығына шай, кофе және сүт тағамдарын ішпеген дұрыс.

Кейде темірі бар дәрі іштің қатуына себепші болады. Ондайда сұйық­ты көбірек ішкен дұрыс. Кейде осы дәрілер, керісінше, ішті айдайды. Бұл жағдайда дәрігермен байланысыңыз.

Аяғы ауыр әйелге шикі ет, теңіз өнімдерін, пастерленбеген сүтті ішуге болмайды. Бұл өз кезегінде баланың кемтар болып дүниеге келуіне әсер етеді.

Тұз. Тұздың йодталған түрін қол­даны­ңыз. Йод теңіз балдыры­ның (морская капуста) құра­мында да көп. Йодтың ағзадағы зат алмасу үрдістеріне тигізе­тін септігі мол

Майды мүмкіндігінше аз пайдалану керек, әсіресе еттің майын. Жұрт оны еттің ең дәмді бөлегі деп ойлайды, алайда майдан адам қатты толысады. Тамақ дайындағанда өсімдік майын (мысалы, күнбағыс не зәйтүн майын) және маргаринді пайдаланған дұрыс.

©likar.info

Углеводтар: Нанда, дәнді дақылдарда және макарон сияқ­ты ұн тағамдарында нәрлі заттар көп. Олар адам денесін мол энергия­мен қамтамасыз ететін углеводтар. Түрлі сусындар, тәтті тағамдар және тәтті­лердегі қант та ағзаны қуатпен қамта­ма­сыз етеді. Бірақ қанттың құнарлық құндылығы жоқ. Май сияқты, угле­водтарды да көп жегеннен адам артық салмақ қосып толысып кетеді.

Кофе, шай, кока-кола, пепси сияқты кейбір сусындарда және шоколадта кофеин бар. Кофеинді көп қабылдау жүктілік барысына әрі бала­ға да зиян келтіруі мүмкін, сондықтан кофе мен шайды күніне үш кеседен артық ішпеу керек.

Арақ-шарап пен есірткіні жүктілік кезінде қолдану құр­сақ­тағы нәрестеге зор зиян келтіреді. Сондықтан егер балалы болуыңыз мүмкін немесе солай екеніңіз белгілі болса, онда міндетті түрде кезкелген алкогольды ішімдіктен әрі есірт­кіден бас тарту қажет.

Жүкті әйел
©NestleBaby.ru

Дәрінің көп түрі де жүкті әйел­дің өзіне немесе балаға зиян келтіруі мүмкін. Жүк­тілік кезінде дәрі қабылдау қажет болған жағдайда оны тек дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдауға болады.

Қандай жаттығулар жасауға болады?

  • Қарын бұлшық еттеріне арналған жаттығулар

Бірнеше жастыққа тіреніп, шалқалай жатыңыз. Тізеңізді бүгіңіз, табаныңыз жерге толық тиіп тұрсын. Бір қолы­ңыз­ды беліңіздің астына, екінші қолыңызды ішіңіздің үстіне қойыңыз. Қарын мен құйрық бұлшық еттерін қатайтып, ас­тың­ғы қолды белі­ңізбен басыңыз. Бірқалыпты тыныстап, осы қалыпта төрт секунд жатыңыз, содан кейін денеңізді босаң­сы­тыңыз. Жаттығуды бес рет қайталаңыз.

  • Қан айналымын жақсартуға арналған жаттығулар

Жүктілік кезінде қан айналымы әдеттегіден баяу. Сол себепті кейде жүкті әйелдің аяғы ісіп, сіңірі тартылып, құрысып қалуы немесе аяғындағы қан тамырларының білеу­леніп шығып кетуі мүмкін. Мына жаттығу қан айналымын жақсарта алады:

— аяғыңызды бір нәрсеге тіреп жатыңыз не отырыңыз. Аяғы­ңыздың басын тобығынан он екі рет бүгіп, жазыңыз;

— аяғыңыздың басын сол жаққа қарай он екі рет, содан соң оң жаққа қарай он екі рет айналдырыңыз;

— екі тізеңізді қолыңызбен төрт секунд қатты құшақтап, содан соң денеңізді босаңсытыңыз. Мұны алты рет қайталаңыз.

©likar.info
  • Тыныс алуға арналған жаттығу

Көзіңізді жұмып, ыңғайланып отырыңыз. Бар назары­­ңыз­­ды өзіңіздің қалай тыныстайтыныңызға, әсіре­се дем шыға­руы­ңызға, аударыңыз. Демді шығарып, келесі деміңізді алмас бұрын осы аралық­тағы үзілісті ескеріңіз.

Жүктілік кезінде моншаға түсіп, ыстық душ қабылдауға болмайды. Бұл теріні құрғатып, іштегі баланың шетінеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, жүкті әйелдерге 3,5 келіден артық ауырлықтағы заттарды көтеруге болмайды. Себебі, ауыр зат денеге күш түсіріп, омыртқа мен буындарды шамадан тыс шаршатады.

Ең бастысы, көп қимылдаңыз. Егер жиі қимылдайтын болсаңыз толғақ пен босану сәті де жеңілірек соғады.