Павлодар облысында Ресей бидайын Қазақстан өнімі деп экспорттаған азамат ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысындағы департаменті Ресейдің бидайын Қазақстан өнімі ретінде экспорттаған азаматты анықтады. Бұл туралы агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған, — делінген хабарламада.

Осылай, жалпы сомасы 460 млн теңге болатын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптары бойынша, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілмейді.

Агенттіктің мәліметінше, кейінгі бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактура бергені үшін бес тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.