Алматыдағы урбанистика басқармасының басшысы ұсталды

Алматыдағы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, ол жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен, — делінген хабарламада.

Нәтижесінде мемлекетке 307 миллион теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді.

Сонмымен қатар 2020 жылы медициналық орталық пен халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Оның шығыны -180 миллион теңге, — делінген ведомствода.

Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып, басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексеріліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.