Қазақстанда шариғатқа сай ипотека пайда болады

Қазақстанда шариғат бойынша ипотека беруді көздеп отырған қаржы институты, ол — Al Hilal Bank. Бұл банк ислам тәртібі бойынша қаржыландыру туралы заң қабылданғаннан кейін, Қазақстанда ашылған алғашқы жекеменшік ислам банкі.

Банк өкілдерінің айтуынша, алғашқы екі-үш жыл ішінде банк шариғатқа сай қызмет түрлерін шектеулі мөлшерде ұсынады. Қазақстанда шариғат заңына сай ипотека мен депозит берудің тағдыры да осы ілкі жобалардың нәтижесіне қарай шешіледі.

«Алдымен, ислам депозиттерінен бастаймыз. Ал, жыл соңында тұтынушылар үшін ипотека беруді көздеп отырмыз. Егер Қазақстанға енгізейік деп отырған бұл тәжірибеміз нәтижесін берсе, онда ТМД-ның өзге елдеріне шығамыз»,-дейді БАӘ-дегі Al Hilal Bank-тің бас операциялық директоры және Қазақстандағы Al Hilal Bank-тің директорлар кеңесінің мүшесі Прасад Абрахам.

Ислам қаржыландыру жүйесіндегі ипотека дегеніміз — банк баспананы өз меншігіне сатып алады да оны жалға береді. Қазақстанда жекеменшікке салынатын салық бар, жеке тұлғалар үшін салық көп емес, ал заңды тұлғалар үшін мүліктің 1,25 пайызы салық ретінде алынады. Осылайша, шығын да 1,25 пайызға артады. Банк осы шығынды өз мойнына алады.

Прасад Абрахамның айтуынша, 2017 жылдың соңына қарай, банк шариғат аясында ипотека беруге шындап кіріскен кезде, оның тетіктері қосымша талқыланып, түсіндіріледі.

Ал, жалпы, Қазақстанның қаржы сарапшылары 2025 жылға қарай ислам қаржыландыру жүйесінің еліміздегі бүкіл банк секторындағы үлесі 10 пайызға жетеді деп болжап отыр. Қазір ол тек 0,1 пайызды құрайды.

Қазақстан 2020 жылға таман ТМД мен Орталық Азиядағы ислам банкингі бойынша негізгі хабқа айналуды көздеп отыр.

ДереккөзInform.kz