Қайсысы тиімді: Үйді жалға алу, әлде ипотека?

Сарапшылардың тұжырымдауынша, жалға берілетін баспаналарда тұру тиімдірек. Алайда үй жалдау ұзақ мерзімге созылмауы тиіс.

Халық арасында «пәтерді жалға алған тиімді ме, әлде сатып алған жөн бе?» деген сауал өте жиі қойылады. Бұл сұрақтың жауабын баспана жалдау мен ипотекалық несие алу шығындарын салыстыра отырып табуға болады.

Homsters.kz сарапшылары үлгі ретінде Алматының «Көктем-1» ықшамауданындағы екі бөлмелі пәтерді таңдап алды. Бұл ауданда жағдайы жақсы апартаменттерді жалға алу құны айына – 120 мың теңге. Ал қайталама нарықта оның бағасы 25 миллион теңгені құрайды. Ауданы осындай болатын пәтерлердің нарықтағы бастапқы құны – 28-30 миллион теңге.

Еске салайық, Қазақстан құрылыс салушылары қауымдастығының сарапшысы Дәурен Айткеновтің айтуы бойынша, 2017 жылы мүлік нарығындағы баға тұрақты болады. Яғни, «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ қолжетімді несие халықтың төлем қабілетін арттыруға ықпал етеді.