Қаза болған орманшылар мен тракторшының отбасына пәтер берілді

Абай облысындағы өрт салдарынан қаза болған 14 адамның отбасына, сонымен қатар тракторшы С.Н. Архиповтің отбасына Семей қаласынан жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Пәтерлер Қарағайлы шағынауданында орналасқан. Абай облысының әкімі қайтыс болған Саят Нұржігітов пен Амангелді Дүйсембаевтың отбасыларына екі және үш бөлмелі пәтерлердің кілтін тапсырды.

Әр отбасы 7 миллион теңге, сонымен қатар қосымша әр балаға 2 миллион теңге төленеді. Оларға асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы, біржолғы әлеуметтік төлем беріледі. Сонымен қатар қайтыс болғандар мен олардың отбасыларының несие жүктемесіне ықтимал есептен шығару үшін талдау жасалады, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.

14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Облыста сағат 21.00-де ормандағы өрт оқшуаланды. Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сонымен қатар өрттің шетіне топырақ себу жүзеге асырылады.