Абай облысында ормандағы өрт оқшауланды

Абай облысында ормандағы өрт оқшауланды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 14 маусымда сағат 21.00-де әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков Абай облысындағы Семей орманы табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрттің оқшауланғанын айтты.

Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сонымен қатар өрттің шетіне топырақ себу жалғасады, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.

14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды.