Қаза болған орманшылардың отбасыларына 7 миллион теңгеден беріледі

Абай облысында өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінеді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

12 маусымда, премьер-министр Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді. Кеңес төтенше жағдай кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды. Премьер-министр төтенше жағдай себептерін анықтау және салдарын жою үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылғанын, оның құрамына салалық министрліктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кіргенін айтып өтті.

Смайылов, үкімет
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Оған қоса мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза болғандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 миллион теңгеден, сонымен қатар кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленеді, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылған. Сонымен қатар 40-тан аса қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың мәліметінше, 11 маусымда кешке жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетіп, өрт негізгі ошақтан оңтүстік бағытта таралған. Атап айтқанда, Талица ауылына қарай қалың түтін жүріп, орманның төменгі жағы өртенген. Елдімекенді қорғау үшін өрт сөндіру техникасы жедел іске қосылып, нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды.

Өрт түнде үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) сөндіріліп жатыр. Негізгі ошақ қоршауға алынды. 12 маусымда таңғы сағат 06.00-ден бастап өрт сөндіру жұмыстары қайта басталды. Қазіргі уақытта 1 530 адам, 320 техника және 14 тікұшақ жұмылдырылған.

Сонымен қатар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қазіргі ахуал және қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады.

Қорытындылай келе, премьер-министр өрт ошақтарын ерте анықтау, бейнебақылау және мониторинг жүйелерін енгізе отырып, табиғатты қорғау және орман мекемелерін нормативтік материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру қажеттігін айтып өтті.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.