Семей орманындағы өрт: эвакуацияланған ауыл тұрғындары үйіне оралды

Семейдегі Бұлақ ауылының эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне қайтарылды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өрттің таралу қаупіне байланысты ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген еді. Қазір жағдай тұрақталды, биліктің толық бақылауында. Тұрғындарды үйлеріне қайтару туралы шешім қабылданды. Бұлақ ауылынан барлығы 117 адам, оның ішінде 50 бала эвакуацияланған, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.

14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Облыста сағат 21.00-де ормандағы өрт оқшуаланды. Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сонымен қатар өрттің шетіне топырақ себу жүзеге асырылады.