Басты бетЖаңалықтарБиыл студенттерге...

Биыл студенттерге арналған 26 жатақхана салынады

Елімізде 2026 жылға дейін студенттік жатақханаларда 30 мың орын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиында студенттерге арналған жатақханалар салу мәселелері талқыланды.

Қарағанды ​​және Маңғыстау облыстарында 900 орындық екі жатақхана пайдалануға берілді. Республикада жыл соңына дейін 8,3 мың орынға есептелген тағы 26 жатақхана пайдалануға беріледі, — делінген хабарламада.

Мониторинг кезінде Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында қаржының болмауынан және басқа да себептерден құрылыс мерзімінің бұзылу қаупі бар 2,1 мың орынға шақталған алты жатақхана анықталды, сонымен қатар Павлодар облысында жатақхананы реконструкциялау жұмыстары кешеуілдеген.

Жиында жоспарға 1 600-ден астам орынға арналған сегіз әлеуетті нысанды енгізу ұсынылды. Оларды пайдалануға беру биыл Астана, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысында жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда инвесторлармен алдын ала келісімдер жасалып, жол карталарына өзгерістер енгізіліп жатыр.

Студенттерді жатақханамен қамту бойынша барлық жоспар қатаң сақталуға тиіс. Бұл ретте салынып жатқан жатақханалар санын көбейту бастамасы құпталады, — деді премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов.