Baribar.kz «Интим 16+» айдарын жалғастырады. Редакциямызға оқырмандардан ер адамның жыныс мүшесіне қатысты түрлі сұрақ келіп түсті. Сол себепті бұл жолы ер адамның жыныс мүшесінің тұрмай қалуы, тез бітіруі туралы айтамыз. Мұндай сұрақтарға уролог-андролог, PhD доктор Ернұр Айнаев жауап берді.

Импотенция деген не немесе ер адамның жыныс мүшесі неге тұрмай қалады?

Импотенция — ер адамның жыныс мүшесінің әлсіреуі, тұрмай қалуы. Қазіргі уақытта ер адамның жыныс мүшесінің тұрмай қалуы, тез бітіру — өте көп кездесетін проблеманың бірі. Оның үстіне, бұл ауру жасарып келеді. Бұрын орта жастағы ер адамдарда кездессе, қазір жастар “Жыныс мүшем тұрмай қалды”, “Әлсіреп кетті”, “Таңертеңгі эрекциям жоқ боп кетті” деп шағымданып келеді.

Ер адамның жыныс мүшесінің тұрмай қалуына әсер ететін бірнеше фактор бар:

Психология. Өкінішке қарай, жігіттердің мұндай ауруға шалдығуының бірден-бір себебі — өзін-өзі іштей «жеуі». Біріншіден, қазір медицинаға негізделмеген дұрыс емес ақпарат көп. Содан көбі шатасады. Оған қоса жігіттер порнография көріп, өзін ондағы актерлармен салыстырады. Тіпті кейбірі «фильмдегі жігіттікі бір сағаттай тұрып тұр, ал менікі бес-ақ минутта бітеді» деп келеді. Олар порнографияның фильм екенін, бір сахна бірнеше күн немесе бірнеше ай түсірілетінін, арнайы эффектер қосылатынын ескермейді. Фильм мен шынайы өмірде айырмашылық бар екенін ұқпай жатады. Мұндай орынсыз салыстыру өзіне сенімін азайтады.

Сосын ерлер жыныс мүшесінің өлшеміне қатысты көп алаңдайды. Фильмнен африкалықтардың өлшемі 10 сантиметр мүшесін көріп, «Менікі кішкентай, қалай өсіруге болады?» деп сұрайды. Дегенмен ол генетикаға байланысты екенін ескермейді. Африкалықтардың жыныс мүшесінің өлшемі 10 сантимер, ал Азия, Орталық Азия жігіттерінікі  5-7 сантимер болғаны орынды.

уролог, тұрмай қалу, тез бітіру
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жігіттердің үйленбей жүруінің де бір себебі — осы. Маған тексерілуге келетін жігіттерден «Неге үйленбейсің?» деп сұрасаң, қорқатынын айтады. «Үйленсем, фильмдегідей бір сағат бола алмаймын, яғни әйелім екеуіміздің арамыз бұзылуы мүмкін» деп әлі болмаған істі уайымдап, проблеманы қолдан жасайды. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, күннен-күнге бұл қорқынышы ұлғайып, шынымен ауруға шалдығып, мүшесі тұрмай қалып жатады. Өкінішке қарай, осылай өзіне ауру жасап алатындар көп.

Мастурбация. Жасы жетілген ер азамат жыныстық қарым-қатынасқа түсіп тұруы керек. Ол — оған қажет дүние. Жасы 30-35-ке келіп, әлі үйленбей жүрген жігіттердің я тұрақты түрде жыныстық қатынасқа түсіп тұратын адамы бар, я мастурбация жасайды. Бізде көп ер азамат мастурбация жасайды, себебі ол оңай. Оны ешкімнен сұраудың, біреумен жыныстық қатынасқа түсудің қажеті жоқ. Өкінішке қарай, елімізде «мастурбация жаса» деп кеңес беретін біліксіз урологтар бар екен. Дегенмен медицина мастурбацияны құптамайды, себебі ол өте зиян. Оның зиянын, салдарын күнде көріп жүрмін, опық жеген талай еркек тексерілуге келді.

Мастурбация көп жасайтын адамның жыныс мүшесі өте сезімтал немесе керісінше, сезбейтін болып қалады. Жыныс мүшесі өте сезімтал жігіттер тез бітіреді. Сезімталдығы төмен болса, бітіре алмай қиналады. Байқағаныңыздай, бір мастурбацияның өзі екі диагнозға әкеледі.

Мастурбация жасайтындар «Жыныс мүшемнің сезімталдығы төмендеп кетті. Жыныстық қатынасқа түссем, оргазм алмаймын» дейді. Бұл да — мастурбацияның кесірі. Мысалы, ер мен әйелдің мүшелері жыныстық қарым-қатынасқа арналған. Қатынасқа жұптардың мүшесі дайындалады, ол жерден сөл бөлінеді, жұмсарады, ісінеді. Ал қазір жігіттер оның орнына мастрбуция жасауды жөн көреді. Оны қолымен істейді. Ал адамның қолы оған арналмаған. Кейбірі қолымен мүшесін қысып алады. Бұл мүшенің сезімталдығын азайтады. Салдарынан ерлер кейін қатынасқа түскенде ләззат ала алмайды. Тіпті мүшесінің діттеген жерге кіріп-шығып жатқанын да сезбейтін дәрежеге жетеді.

Тестостерон. Ер адамның бойындағы тестостерон деген гормон оның басқа адамға ынтасын ашуға, үйленуге, жыныстық қарым-қатынасқа түсуге әсер етеді. Бірақ қазір жігіттер ынтасы ашылса, мастурбация жасай салады. Содан кейін екі-үш күн ынтасы болмайды. Сөйтіп қалыпты түрдегі тестостеронын басып, ынтасын тыйып тастайды. Кейін мүшесі де тұрмай жатады.

Тағам. Қазір ішіп-жеп жүргеніміз де денсаулыққа зиянын тигізіп жатыр. Тәтті сусындар, қуырылған картоп сияқты жүріп жеуге болатын тағамдар, майлы тағамдар еркекте әйел гормонының (эстроген — ред) көбеюіне, тестостеронның азаюына әкеледі. Оған қоса қазір көп өнімде химикат бар, пластикпен қапталған. Оған қоса тамақты микротолқын пеште жылытамыз. Мұның бәрі эректиль дисфукциясына себеп болуы мүмкін. Эректиль дисфункциясы дегеніміз — жыныстық қатынас кезінде еркектің жыныс мүшесінің көлемі ұлғайғаймауы және қатаймауы.

Артық салмақ. Артық салмақ та еркектердің мүшесінің тұрмауына себеп болуы ықтимал. Тестостерон гормоны майды ыдыратады. Артық салмағы бар адамда тестостеронға қатысты проблемасы бар деген сөз.

Импотенцияның салдары қандай?

Импотенция инфаркқа әкелуі мүмкін. Еркек 40-49 жасына дейін жыныстық қатынасқа түсуді тоқтатса, инфаркт болу ықтималдығы — 84%. Ер адамның жыныс мүшесі сорғы сияқты қанды айналдырады. Мысалы, ер адамның мүшесінің қалыпты жағдайдағы қысымы — 10-12 мм.рт.ст., тұрған кезіндегі қысымы 100-150 мм.рт.ст. дейін баруы мүмкін. Ер адамның тұрақты қатынасы болса, қан айналымы да жақсы деген сөз. АҚШ ғалымдарының зерттеуінше, жұп айына 21 рет қосылғаны жөн.

Ернұр Айниев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мүше тұрмай қалса, қайда бару керек?

Жігіт мүшесіне қатысты проблеманы күнделікті ойлай беретінін түсінсе, шынымен проблема бар деп санаса, психиатрға, сексологқа, урологқа баруы керек. Психиатр, сексолог психологиялық жағынан көмек береді. Кейін біз, урологтар ынталандыру дәрілерін береміз. Ол жыныс мүшесінің қызметін күшейтеді. Науқастың өзіне сенімі артқан соң дәріні ішуді тоқтатуы керек.

Виагра ішкен дұрыс па?

Дәрігерлер эректиль дисфункциясы кезінде берілетін дәрі-дәрмек топтамасын «силденафил» деп атайды. Оның түр-түрі бар. Виагра — Pfizer компаниясы шығарған препараттың бірі.

Виаграны кез келген адам дәріханадан сатып ала алады. Дегенмен оны тек дәрігердің нұсқауымен ішкен дұрыс. Көбі өзі сатып алып, бір күнде көп мөлшерін ішіп қояды, бірақ ол өте қауіпті. Адамның қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін. Нитроглицеринмен бірге ішсе, қан қысымы төмендеп, өліп кетуі ықтимал. Дәріні тым көп ішсе, жыныс мүшесі тұрып, қайта жатпай қоюы мүмкін. Сол себепті маманға барып, оның белгілеп берген мөлшерін ғана ішкен дұрыс.

Қазір интернетте жыныс мүшесінің тұрмай қалуына, тез бітіруіне, аденомаға, простатитке қарсы деп бал сатады. Оның құрамына жай ғана виаграны қосып сатып жатыр. Көбі осыны қымбатқа сатып алып, ұрынып жүр. Біріншіден, бал да, виагра да аденома, простатит сияқты ауруларды емдемейді. Екіншіден, оның құрамында виаграның мөлшері қаншалық екенін білмейсіз. Бұл адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Үшіншіден, балды сатып жүргендер оны кемі алты ай ішуге кеңес береді екен. Бірақ адам кейін оған тәуелді болып қалуы мүмкін. Сол себепті мұндай заттарды алмауға кеңес беремін.

Тез бітірудің себебі не?

Ер адамның тез бітіруі екі түрге бөлінеді: біріншілікті және екіншілікті.

Біріншілікті дегеніміз — ер адамның жыныс мүшесінің басы, ондағы оргазмға жауап беретін орталығының сезімтал, қозғыш болуы. Мұндайда жігіт бірінші қатынастан бастап-ақ тез бітіреді. Тез бітірудің біріншілікті түрінен көбіне сүндеттелмегендер зардап шегеді. Себебі сүндеттелмеген ер адамның жыныс мүшесінің басы жабық тұрады әрі сезімтал болып келеді. Сүндетке отырғызылғанда, басы ашылып, ол ішкиімге тиіп өседі де сезімталдық төмендейді. Оған қоса дұрыс сүндетке отырғызбаса да, жыныс мүшесі сезімтал болып, тез бітіруі мүмкін.

Екіншілікті түріне қуықасты безінің қабынуы, тұқым көпіршігінің қабынуы, жыныс мүшесіне инфекцияның түсуі сияқты себептер жатады. Осы аурулар салдарынан ер адам тез шаршап, жылдам бітіреді.

Ернұр Айниев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тез бітіруді қалай емдеуге болады?

Ер адам ең әуелі тез бітірудің, яғни мезгілсіз эякуляцияның қай түріне шалдыққанын біліп алуы керек. Ол лидокаин сынағы арқылы анықталады. Себебі белгілі болған соң ғана ем-дом жасалады. Жыныс мүшесі өте сезімтал ер адамдарға лидокаин бүріккішін (спрей) қолдануды ұсынамыз. Оны жыныстық қатынасқа түсер алдында жыныс мүшесінің басына бір-екі рет себеді. Сепкен соң бір-екі сағаттан соң да жыныстық қатынасқа түсуге болады.

Бүріккішті сепкен соң тез бітірсе, екінші типтегі проблемасы бар деген сөз. Ал қатынасқа ұзақ түсе алса, демек проблема жыныс мүшесі басының тым сезімтал екенінде болып тұр.

Кейбірі лидокаин бүріккішін сепкенді қиынсынып, тіпті ұят көреді, намыстанады. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Ұялудың еш қажеті жоқ. 10-20 жылдан бері осы спрейді қолданып жүрген адамдарды білемін. Лидокаин бүріккішін қолдану — тез бітірмеудің ең қауіпсіз, арзан әрі тиімді әдісі.

Лидокаин бүріккіші көмектеспесе, ер адамның жыныс мүшесінің басына филлер енгіземіз. Филлер — жыныс мүшесінің сезімталдығын азайту үшін иньекция арқылы гель салу. Ол жұқа қабықша сияқты болады. Филлер енгізген соң жыныс мүшесінің басы үлкейеді, сезімталдығы азаяды. Бірақ бұл процедураның эффектісі үш-алты айға ғана жетеді. Лидокаин бүріккіші де, филлер де көмектеспесе, ота жасап, жүйке жасушаларын кесіп тастаймыз. Бірақ бұл басқа жеңіл әрі қауіпсіз шаралардың әсері болмағанда ғана жасалады. Мұндай отадан кейін ер адам мүлдем тез бітірмейді.

Тез бітірудің екіншілігінің себебі түрлі ауру болған соң оның ем-домы да әртүрлі. Инфекцияның түрі көп. Оның өзі әртүрлі әдіс, дәрі-дәрмек арқылы емделеді. Инфекцияны емдемегенше, жыныс мүшесінің басына не сепсе де, не істесе де, әсері болмайды. Себебі проблема мүшенің басында емес, ішінде.

Ер адамның тез бітіруі қай кезде қалыпты?

Бір қызығы, қазір үйленбеген, жыныстық қатынасқа түсіп көрмеген жігіттер де «Тез бітіремін, не істеуге болады?» деп келеді. «Қалай білдің?» деп сұрасаң, мастурбация жасайтынын айтады. Жоғарыда айтқанымдай, мастурбацияны қатты қолмен жасаған соң жыныс мүшесі тітіркенеді де, тез бітіреді. Сондықтан урологтар үйленбеген, жыныстық қарым-қатынасқа түспеген адамға «мезгілсіз эякуляция» деген диагноз қоя алмайды.

Сонымен қатар тұрақты жыныстық қатынасқа түспейтін ер адамның қуықасты безінде шәует толып тұрады. Оны қатынас арқылы сыртқа шығармаған соң, ол ұйықтап жатқанда немесе өзіне ұнаған қызды көргенде шығып кетуі әбден мүмкін. Бұл — қалыпты жағдай.

Үйленген адам іссапарға кетіп, бір-екі апта жыныстық қатынаста болмады делік. Осындай үзілістен кейін жұбымен болғанда тез бітіруі де — қалыпты нәрсе. Ол бірнеше күннен соң реттеледі.

Бірінші қатынастан соң, екіншісінде мүшесі тұрмаса, не істеуге болады?

Ер адам бірінші жыныстық қатынасты аяқтап, мүшесін сыртқа шығарады. Кейін екінші рет кіргізгісі келгенде мүшесінің тұрмай қалуы — қалыпты жағдай. Еркектің мүшесі тұруы үшін демалуы керек. Адам ағзасында пролактин деген гормон бар. Еркектерде қатынастан соң осы гормон бөлініп, оның қатынасқа деген ынтасы азаяды. Себебі пролактин мөлшері көтерілсе, тестостерон төмендейді.

Екіншіден, қуықасты безі секреті деген бар. Адам оргазм алған кезде ол жерден шәует шығып, қуықасты безі босап қалады. Қуықасты безі қайта сұйыққа толуы үшін екі күн қажет. Ер адам оған «жыныстық қатынасты аяқтаған соң, бес минуттан кейін маған қайта шығарып бер» деп тұрады. Жаңадан үйленгенде ерлердің қуықасты безінен қатарынан бірнеше рет шәует шығуы мүмкін. Дегенмен кейін бұл қиынға соғады.

Өкінішке қарай, осыны білмейтін еркектер бірінші қатынастан соң демалмай, екіншісіне кіріседі. Мүшесі тұрмай жатқанын көріп, мастурбация жасайды, мүшесін «тоқпақтайды». Сөйтіп соңында психологиялық импотенцияға ұшырайды. Қалыпты жағдайды ауруға айналдырып алады. Мұның бәрі жыныстық сауаттың болмағанынан.

Бір рет жыныстық қатынасқа түсіп біткен соң, сәл демалу керек. Бір-екі сағат демалыстың өзі қуықасты безінен бір-екі тамшы шәуеттің шығуына мүмкіндік береді.

Ернұр Айниев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тағы оқыңыз:

Уролог жыныстық қатынаc туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді