Baribar.kz порталы аудиторияны дәл зерттейтін Chartbeat аналитикасына қосылған. Әр редактор онлайн-метриканың көмегімен мақаласын қанша адамның оқып отырғанын және материалдың оқу ұзақтығын да қадағалап отырады. Редакция ұжымы порталдың «Сұрақ-жауап» бөліміндегі мастурбация, онанизм туралы контенттің ұзақ әрі жиі қаралатынын байқады. Сайт қолданушылары мастурбацияның қандай зияны барын, мұндай әдеттен қалай құтылуға болатынын сұрайды. Жақында уролог Дархан Қуатбековпен осы тақырыпта әңгімелескен едік.

Мастурбация деген не?

Мастурбация деп жыныстық қатынассыз жыныс мүшесін, эроген зоналарды қоздыру арқылы ұрықты сыртқа шығаруды айтады. Оны онанизм деп те атайды. Мастурбацияға ғалымдардың біржақты көзқарасы жоқ. Олардың бір тобы бұл әдеттің денсаулыққа пайдасы бар десе, енді бір тобы оның зиян екенін айтады. Оның үстіне, дін бойынша да жол берілмейтін әрекет деп есептеледі. Мысалы, будда діні мастурбацияға кесапат деп қарайды. XVIII ғасырда мұндай әдетпен айналысатын адамдарды ауыр жазалағаны туралы тарихи мәлімет бар. Әлемдік статистика бойынша адамдардың 90%-і мастурбациямен өмірінде бір рет болса да айналысып көрген.

Мастурбацияның түрі көп. Кей адамдар басқа ешкімнің ойына келе бермейтін әдістерді қолданып жатады. Оған мысал ретінде олардың өзін тұншықтыруын айтуға болады. Оргазм таяған кезде бір сәтке өкпеге, миға оттегіні жеткізуді қиындатқан кезде адамның басы айналып, есінен тана бастайды. Осы кезде ерекше әсер алатын адамдар бар. Бірақ мұндай жағдайдан өліп қалатындар да болады.

Дархан Қуатбеков
Уролог Дархан Қуатбеков. Фото: Мейірман Лес/Baribar.kz

Мастурбацияға әуестік қай кезде басталады?

Жапон ғалымдарының айтуынша, мастурбация құрсақта жатқан кезден басталады. 2-3 жастағы баланың жыныс мүшесін үнемі ұстай беруі мастурбацияның алғашқы кезеңі болуы мүмкін. Ол кезде бала ештеңе білмейді, яғни онда жыныс қажеттілігін қанағаттандыру деген ой болмайды. 4-5 жасқа келгенде бала жыныс мүшесін қайта-қайта ұстай беретіні үшін айналасындағылардан ұяла бастайды және ол нәрсеге деген құмарлығы одан ары артады. Дәрігерлер үшін мастурбацияның дәл осы кезеңі қиын болып есептеледі. Өйткені баланың санасы, сезімі дұрыс жетілмеген кезде ненің дұрыс, ненің қате екенін айтып, түсіндіру қиын. Бала кезде көрген немесе қалыптасқан нәрсе оның санасында қалып қояды.

Көп ер адам мұндай әдетті 10-15 жас аралығында бастайды. Өйткені олар физикалық белсенділікке тәуелді болады. Сондықтан олар мастурбациямен айналысуды ертерек бастайды. Ал әйелдерде бұл кешірек болады. Бұл мәселе ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Себебі баланың 10-15 жасында жыныс мүшесі жетіліп, гормондар ойнап, жыныстық  қатынасқа құмарлығы ояна бастайды.

Онанизмнің пайдасы мен зияны қандай?

Көп адам мастурбацияны стрестен, депрессиядан арылу үшін жасайды. Күнделікті жұмыстан немесе басқа да проблемадан осы әдеттің көмегімен құтылғысы келеді. Мастурбация кезінде ұрық сыртқа шыққан соң құштарлықтың қанғаны сезіледі. Көп гормон бөлінеді. Соның бірі — эндорфин. Оны басқаша «бақыт гормоны» деп атайды. Бұл гормон бөлінгенде адамның ағзасы демалып, бұлшықеттері босайды. Көңіл-күйі көтеріледі. Өзіне деген бағасы жоғарылайды. Мастурбация кезінде пролактин гормоны да бөлінеді. Бұл гормон ұйқысы бұзылған адамдардың күн режимінің дұрысталуына көмектеседі.

Кей ғалымдар мастурбациямен аптасына екі рет айналысу дұрыс деп есептейді. Олар мастурбацияның иммунитетті нығайтуға көмектесетінін айтады. Менің ойымша, бұл — қате түсінік. Өйткені адам ұрығын үнемі сыртқа шығарып отырса, оның әлсіздігі байқалады, белсенділігі төмендейді. Ұрықтағы пайдалы элементтердің сыртқа жиі шығуынан ағза әлсірейді.

Дегенмен мастурбация әйелдерге қарағанда ер адамдарға пайдалы. Өйткені еркектің қуықасты безі көп гормон бөледі, көп қызметті атқарады. Былайша айтқанда, ол еркектің «екінші жүрегі» деуге болады. Ер адам есейген сайын оның қуықасты безі де өседі, бөлетін гормон да көбейеді. Сондықтан тонусты реттеу үшін қуықасты безі бөлетін сөлді сыртқа шығарып отыру керек. Үнемі жыныстық қатынаста болатын ер адамдарда қан айналымы жақсарып, сөл көп тұрақтамайды. Егер ол жиналып қалатын болса, простатит ауруы болады. Мастурбация кезінде де қуық астына жиналған сөл сыртқа шығады. Бірақ ол кезде жамбас бұлшықеттері қимылдамайды. Сол себепті мастурбациядан гөрі жыныстық қатынаста болған дұрыс.

Ал әйелдер жыныстық қатынас оргазмы мен мастурбация оргазмының мүлдем басқаша болатынын айтады. Сол себепті олар өз-өзінен ләззат алуды қалап тұрады. Бұл кейін әдетке айналады.

Мастурбация кезінде жыныс мүшелерін қатты уқалағаннан оған зақым келуі мүмкін. Кей адамдар жыныс мүшелеріне қатты заттарды салып жатады. Жыныс мүшесін қоздырамын деп оның шырышты қабаттарын жыртып жіберуі, анал мастурбация кезінде тікішек тесілуі мүмкін. Одан кейін міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуге тура келіп жатады.

Мастурбация туралы қандай миф бар?

Бұл әдет жалғызбасты адамдарда жиі кездеседі. Сонымен бірге төсектегі серігінің әрекетіне көңілі толмайтын адамдарда кездесіп жатады. Мастурбация туралы миф көп. Соның бірі — кішкентай кезден онанизммен айналысқан адам кейін бедеулікке ұшырайды деген түсінік. Бұл — қате. Ұрықты ерте шығарған адамда ұрық ерте таусылады деген де — миф. Өйткені ұрық үнемі жаңарып, қайта түзіліп, жойылып отырады.

«Мастурбацияның салдарынан қандай да бір ауру пайда болады деген» тұжырым медицинада нақты дәлелденбеген. Урологтар бұрын мастурбациямен жиі айналысатын еркектерде жылдам эякуляция болады дейтін. Жылдам эякуляция мастурбациядан емес, көбіне ер адамның ұзақ уақыт бойы жыныстық қатынасқа түспеуінен болады.

Жасырын әдеттен қалай арылуға болады?

Мастурбациямен айналысуды қою үшін оны жасауға әкелетін себептерді жою қажет. Бос уақытта бұл әдет туралы емес, көңілді аулайтын басқа нәрсемен айналысу керек. Үйде жалғыз қалмай, адам көп жерде жүрген дұрыс. Порновидеоларды көруден тыйылу керек. Ол үшін арнайы әдебиет оқудың керегі жоқ. Мастурбация да — темекі шегу сияқты жай ғана әдет. Ойы жиі бөлініп, жұмысы көп болса, ол адам мұндай әдеттен тез арылады. Бұл әдеттен арыла алмай жүрген адамдар жақсы психопатолог пен сексопатологқа қаралуы керек.