Басты бетЖаңалықтарЖамбыл облысында...

Жамбыл облысында ерлі-зайыптылардың дәретханадан табылған қызды асырап алуы тығырыққа тірелді

Ескендір мен Еленаның шаңырақ көтеріп отау тіккендеріне 4 жылдан асты. Бірақ 33 жастағы келіншек бала көтере алмай жүр. Сәби сүймеуі жанына батқан әйелдің өмірін әжетханадан табылған бүлдіршіннің тағдыры күрт өзгерткендей. Нәрестені көрген бойда бірден асырап алуға бел буған.

Елена Тұрғынбекова, Жуалы ауданының тұрғыны:

«-Барлық жаңалықтардан көріп жатырмыз, тастап кетіпті, қалдырып кетіпті деп. Бірақ оларға бүйтіп қатты ойланған жоқ едім, енді мына қызды білмеймін. Не су ішкім келмейді, не тамақ ішкім келмейді, не жұмыста да отыра алмаймын, кетіп қаламын қайта-қайта.»

Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған келіншек бөбекті Тұрар Рысқұлов ауданынан Таразға жеткізіледі дегенді естіген бойда жолдасы екеуі «Үміт» балалар үйінің алдын торып жүр. Ақыры сәби жедел жәрдеммен жетті. Көліктен түсірген бойда оны туған баласындай көрген Елена көз жасынына ерік берді. Мекеме ішіне де жүгіре кіріп, баланы қолына алуға асықты. Сөйтіп, бір сәтке болса да тастанды сәбиді бауырына қысып, мауқын басты. Ал нәрестенің атын Жансая деп қойыпты.

Бала асырап алудың машақаты айтпаса да түсінікті. Әсіресе, осы сәбиге көз тіккендер көп көрінеді. Дегенмен тәуекелге бел буған жас отбасы бүлдіршінді өздеріне алу үшін өліспей беріспек емес. Қазір қат-қат құжат жинап, тиісті мамандардан кеңес алуда. Алайда, «Үміт» бөбектер үйінің бас дәрігері сауапты іске ниет білдіргендердің үмітін су сепкендей басты. Себебі өңірде бала асырауға ниеттілердің саны жүзден асады. Ескендір мен Елена кезекке де тұрмағандықтан, балалы болулары екіталай. Әрі, баласын шұңқырға тастап кеткен тасбауыр әйел аналық құқығынан әлі айрылмаған.

Айжан Жақсымбетова, «Үміт» бөбектер үйінің бас дәрігері:

«-Ия, екіталай өйткені бұл сәбидің анасына іс қозғалып отыр. Ол істің қашан бітетіні, соттың шешімі қалай болатыны белгісіз.»

Қаңтардың үшінде күре жолдың бойындағы әжетхананың шұңқырынан жаңа туған шақалақ табылған еді. Бес күннен соң оның анасы 21 жастағы Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны екені анықталған. Баласынан безінген қатыгез ана кепілдікке ақша беріп, қазір бостандықта жүр.

Дереккөзktk.kz