Ерлан Қошанов ұлдары істі болған депутатқа қатысты пікір айтты

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Жигули Дайрабаевтың төңірегіндегі даудан кейін құрылған петицияға қатысты пікір айтты.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер палата төрағасынан депутат Жигули Дайрабаевтың мандатын тапсыруды талап еткен петиция жөнінде сұрады.

Дайрабаевқа келер болсақ, тікелей өзіне қатысты заңды мәселе туындап тұрған жоқ қой?! Оның балаларына қатысты мәселе бар. Сондықтан, ел аузында жүрген депутаттардың балалары, туыстары ашық кеңістікте тұр. Олардың әрекетін «микроскоппен» қарап отырады. Әрбір шалт басқан қадам жарияланады. Егер заң бұзу депутат Дайрабаев тарапынан болса, әрине бірінші кезекте «Ауыл» партиясы өз шешімін қабылдауы керек деп есептеймін, — деді Ерлан Қошанов.

Еске салайық, мәжіліске «Ауыл» партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық 550 миллион теңгеден аса субсидия қаржысын жымқыру туралы іс бойынша шартты мерзімге сотталды.

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев істі болған балаларын кінәлі деп есептемейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол ауылдастарының желіде жариялаған айыптауларына жауап берді.