Жигули Дайрабаев өзіне қатысты айыптауларға жауап берді

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауылдастарының желіде жариялаған айыптауларына жауап берді.

Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Депутаттың айтуынша, оны екі эпизод бойынша кінәлап жатыр. Біріншісі Меркеде сатып алынған үй болса, екіншісі Кеңес ауылындағы жерге қатысты.

Нотариус арқылы жасалған келісімшарт заңды, үй иелерінің құқықтары сақталған. Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да. Білуімше ол үй сатқан әйелдің бұрынғы жұбайы. Ерлі-зайыптылардың арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған, — деп жазды Жигули Дайрабаев.

Депутаттың айтуынша, мұндай әрекет бірінші рет болып отырған жоқ. Біраз уақыт бұрын мәжілісменді кінәлаған адам осы әрекеті үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген. Депутат үйге қатысты жала жауып отырған адам бұл әрекетін тоқтатпаса, қайтадан сотқа жүгінетінін ескертті.

Жигули Дайрабаев Кеңес ауылындағы жерге байланысты жағдай 20 жыл бұрын болғанын жазды. Оның мәліметінше, жерге қатысты компанияның иелері – ағайынды Ерлан мен Нұрлан Иембердиевтер. Олар қазір Қазақстанда, болжамды түрде Алматыда тұрады.

Жердің де, ақшаның да иесі осылар. Менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Кезінде мен тек жалдамалы қызметкер болдым. Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ. Сондықтан да ауылдағы наразы адамдардың арыздары жер иелері Иембердиевтерге жолдануға тиіс деп есептеймін. Ауыл тұрғындары мені негізсіз кінәламай, қайта көмегіме жүгінгені дұрыс еді, — деп жазды мәжіліс депутаты әлеуметтік желіде.