Тараздың №2 соты алаяқтық бойынша айыпталған төрт адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Айыпталушылардың арасында «Ауыл» партиясынан сайланған депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары: Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаев бар.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев, кәсіпкерлер Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаев, сонымен қатар Елібай Елжан субсидиялау тәртібін бұзған.
Соттың мәліметінше, олар сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін мемлекеттік субсидиялар алған. Қаражаттың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған, осылайша мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірген.
Сот үкімімен Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалыққа мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсысына бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы, пробациялық бақылау белгілене отырып шартты түрде тағайындалды.
Ерлан Құлкеев кінәлі деп танылып, қылмыстардың жиынтығы бойынша оған түпкілікті алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Елібай Елжанға мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.