Алматыда täuel[dı]sız жобасының HÏKAYA заманауи өнер кеші өтті. Онда адамзат пен жасанды интеллект байланысы, саясат, табиғат пен діл мәселесі және әлем назарын аударған сұм соғыс медиасауат тұрғысынан сахналанды. Baribar тілшісі поэтикалық кешті көріп қайтты.

Hïkaya осымен үшінші рет өтіп жатыр. Жоба авторлары кешті Hïkaya деп атағаны бекер емес. Бұл — әлеуметтік желідегі stories сөзінің қазақша нұсқасы. täuel[dı]sız жобасының авторы әрі продюсері Руслан Жұбаныш қазір бәріміз stories әлемінде өмір сүріп жатқандықтан, кешті осылай атағанын айтты.

Біз хикаялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Соғысты да, Қаңтар оқиғасын да, экология проблемаларын да хикаялардан көреміз. Күнде хикаялардан барлық оқиғаға куә боп отырамыз, — дейді Руслан Жұбаныш.

täuel[dı]sız — 2019 жылы əн мен əуендi, би мен өнердi поэзиямен ұштастырған арт-жоба.

Руслан Жұбаныш, тәуелсіз, хикая
Руслан Жұбаныш. Фото: täuel[dı]sız

Содан бері тәй-тәйлап аяққа тұрып келе жатырмыз. Атымыз «тәуелсіз» деп тұрғандықтан, тәуелсіз болуға тырысамыз. Тек әр кезде демеушілер көмектеседі, гранттармен жасап келеміз. Басқа тіреп тұрған ешкім жоқ. Бұл концертке де ешкімнен қаржы алмадық. Тек Астанадағы өнер кешін Internews ұйымы қаржыландырды. Сол кеште билет сатқаннан түскен қаражатпен бәріміз Алматыға келдік. Шынымызды айтсақ, осылай жамап-жамап кештер қойып жүрміз, — дейді ол.

Руслан Жұбаныш бала күнінен поэзияға қызығып, оқуларға қатысқан. Бірақ поэзияның қалыптасқан оқу формасына көңілі толмайтын. Сөйтіп өлеңді заманауи форматқа бейімдеуді ойлапты.

Бұл — біздің жобаның алтыншы кеші. Әзірше Астана мен Алматыдан шыға қоймадық. Былтыр Алматыға «Бетперде» деген қойылыммен кеп кеттік. «Бетперде» сөзін екі мағынада алған едік: пандемия кезіндегі медицина маскасы және адамдардың бетпердесі. Өнер кешін өткізген сайын күш жинап, танылып келе жатырмыз, — дейді Руслан.

täuel[dı]sız жылына бір ғана концерт береді. Өйткені бір кешке шамамен 30-дан астам адам қатысады. Оның әрқайсының бөлек-бөлек сахнасы бар. Демек, әр сахнаны ойластырып, әрқайсының дайындығын көру керек. Мұндай команданың жұмысына өте көп ресурс пен энергия кетеді.

Оған қоса кеш өтетін залды бейімдеу де бөлек жұмыс.

täuel[dı]sız, тәуелсіз
Фото: täuel[dı]sız

Біздікі заманауи өнер кеші. Сондықтан қойылым өтетін немесе концерт өтетін залдардың біздікіндей кешке бейімделуі қиын. Қойылымдарға түсіретін жарық жеңілдеу болса, бізге неше түрлісі керек. Оған қоса команданың ішіндегі жұмыс бөлек әңгіме. Мұның бәрі — көрермен алдына шықпайтын, шымылдық артында қалатын нәрселер, — дейді жоба авторы.

Русланның айтуынша, олар түрлі кедергіге тап болған. Соның бірі — Астанадағы кеште зал әкімшілігінің Украина туралы видеоны LED-экранға шығаруға рұқсат етпегені. Оған келіспесе, дыбысты өшіріп, жарықты сөндіріп тастайтынын айтып, қоқан-лоққы көрсеткен.

Заң бойынша, елімізде цензура жоқ десек те, шынтуайтында олай емес, — дейді Руслан.

Кеште қазіргі қазақ поэзиясының өкілдері – Әсел Кәрібай, Тұрсынбек Башар, Жұлдыз Молдағали, Файзолла Төлтай, Мақпал Жұмабай, Ислам Қабыл, Әсем Құлманова, Бауыржан Майтай сынды ақындардың өлеңі оқылды.

Hïkaya кешінде оқылған өлеңдерден үзінді ұсынамыз.

täuel[dı]sız, тәуелсіз, хикая
Фото: täuel[dı]sız

Хикаялар

Авторы: Ұмтыл Зарыққан

…Бірде арлы
Бірде жарлы
Көңілім.
Бірде нәрлі
Бірде зарлы
Өмірім.
Бір тәуелді
Бір тәуелсіз
Отаным…

…Ең бір ұлы мүдделерді сындырып,
Ең бір ұлы сезімдерге сүрініп,
Хикаялар
Хикаялар
Сан қиылы,
Менің басқан әр ізімді аңдиды.

täuel[dı]sız, тәуелсіз, хикая
Фото: täuel[dı]sız

«Дыбыссыз режим» БИ
Авторы: Мақпал Жұмабай

…Тыныштық, мен келдім алдыңа,
шыңғырдым көкейге үн келмей.
дауысын естідім  шындықтың
айтылған, айтылған үндемей…

täuel[dı]sız, тәуелсіз, хикая
Фото: täuel[dı]sız

«БҰЛ ӨЛЕҢІМДІ ЕШКІМГЕ АРНАЙМЫН…»
Авторы: Қуаныш Өмірбек

Бәрі менің еңсемді басады –
Жаңалықтар,
Хабарлар,
Ақпараттар,
Банктер,
Кредиттер…
Сот,
Қамақтар…
Ескі үйлер,
Ескі жолдар…
Ескі ереже…
Столдар,
Орындықтар,
Ақ парақтар…

täuel[dı]sız, тәуелсіз, хикая
Фото: täuel[dı]sız

Humanus
Авторы: Әсем Құлманова

…Оларға нан мен су ас емес,
Және де ауа жұтпайды,
Олар аналардың жанын жұтады.
олар сәбилердің қанын жұтады.
Ал әкелердің қайратын жаншып,
Күйретіп тұғырын,
Жалмайды ғұмырын…

täuel[dı]sız, тәуелсіз
täuel[dı]sız командасы. Фото: täuel[dı]sız

Айта кетейік, täuel[dı]sız жобасының мақсаты – қоғамдағы түрлі әлеуметтік, өзекті мәселелерді өнер арқылы көпшілікке жеткізу. Оған қоса заманауи поэзия өкілдері — жас авторлар мен олардың шығармашылығын таныту. Жоба «Тәуелсіздік ұрпақтары», Internews грантының және халықаралық ARTIF Awards байқауының жеңімпазы.