Қытайда Auto Shanghai-2023 автомобиль көрмесі өтті. Бұл — пандемиядан кейінгі ең ауқымды халықаралық шара. Ұлттық көрме орталығына 20 елден мыңнан астам компания жиналды. Шараның басты тақырыбы — автомобиль өнеркәсібінің жаңа дәуіріне көшу, автоөнеркәсіпте энергияның жаңа түрлерін кең әрі терең пайдалану. Көрме павильондарында электр және гибрид автомобильдердің 1,5 мыңға жуық моделі ұсынылды.
Қазақстандық автомобиль индустриясы өкілдері, автоэксперттер, кәсіпкерлер, блогерлер мен журналистер бұл іс-шарадан тыс қалмай, Қытайға барып қайтты.
«Астана Моторс» қазақстандықтарды таңғалдыратын автомобильдер әкеледі
Қазақстандық «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов 18 сәуірде өткен ашылу салтанатына қатысып, павильондарда бірқатар маңызды кездесу өткізді.
Көрменің негізгі тренді — автомобиль саласын электрлендіруді одан әрі трендке айналдыруға арналған жаңа технологиялар. Былтырғы қорытынды бойынша, Қытайдағы автомобильдің электр және қайта зарядталатын гибрид қондырғылар үлесі — 25%, ал дүниежүзі бойынша үлесі — 11% қана.
Қытайлық автоөндірушілер инвестиция мен мемлекеттің қолдағаны арқасында көлік құралдарын электрлендіру саласында үздік атанған америкалық және жапониялық брендтерден озды.
Сонымен қатар Қытайдың өзінде жергілікті өндірушілердің автомобильдері нарықтың жартысына жуығын алып жатыр (жылына 25 миллион автомобиль сатылады). Бұл — өнімдердің салыстырмалы түрде тиімді әрі сапалы екенінің дәлелі.
Қытайлық автоөнеркәсіп дүниежүзінің, оның ішінде Қазақстанның нарығын өзгертіп жатыр. Жақын арада қытайлық әріптестеріміз электрлі және қайта қуатталатын гибрид автомобильді жеткізеді. Жыл соңына дейін Қытай көшбасшысын қазақстандық нарыққа шығару үшін белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл бренд 9 миллион теңгеден 25 миллион теңгеге дейінгі жаңа энергия көздеріндегі автоны ұсынады. Қазіргі экология жағдайында бұл экологияны жақсартуға қосқан үлесіміз болмақ. Көрмеден жақсы әсер алдық, өйткені автоөнеркәсіп декарбонизацияға, интеллектуал жүйелер мен қауіпсіздік технологияларына қарай жылжып жатыр. Мұның бәрі қуантады, себебі ол экология мен қауіпсіздік проблемаларын шешеді, — дейді Нұрлан Смағұлов.
Қазіргі уақытта «Астана Моторс» қазақстандық нарыққа Haval, TANK, Chery, Changan сияқты брендтерді ұсынып жүр. Делегация қытайлық серіктестермен сәтті келіссөз жүргізіп, модель желісін кеңейтуге байланысты мәселелерді талқылады.
Нарыққа 8-9 миллион теңге болатын модельдерді шығару мерзіміне баса назар аудардық. Бұл баға сегментіне Қазақстанда ерекше сұраныс бар. Сонымен бірге Алматының индустрия аймағында салынып жатқан Chery, Haval, Changan мультибренд зауыттарында өндірілетін модельдер анықталды, — деді кәсіпкер.
Қазақстандық делегация Шанхайдағы көрмеде Changan бренді ұсынған Deepal, Avatr жаңа модельдеріне, Changan CD701 және Changan VIIA концепт-карына назар аударды.
Chery Automobile бренді өзінің модель желісі электрлендіру бойынша жұмыс істейтінін, оған қоса гибридтер туралы да ұмытпайтынын атап өтті. Биыл олар компанияның флагманы ретінде Сhery Tiggo 9 гибридін енгізді. Ал басты концерні PHEV платформасының үшінші буыны болды. Chery Automobile автосалонның ашылуында жарғы капиталы 55 миллион доллар қоғамдық әл-ауқаттың жасыл қорын құрғанын жариялады. Мұндай автошоу бастамасы әлем өзгергенін, автомобильдердің сапасы жақсарғанын, экология қауіпсіздігіне ден қойылып жатқанын көрсетеді.
Haval бренді 2024 жылы Қазақстанға келетін «айдаһарын» — Xiaolong кроссоверін, еліміздің перспективасына әсер етуі мүмкін гибрид модельдерін таныстырды.
Жақында Қазақстан нарығында тағы бір қытайлық бренд — TANK пайда болады. Көрмеде TANK 500PHEV гибрид моделінің, бензин арқылы жүретін аналогтың презентациясы болды.
Қытайлық автоөнеркәсіп қандай серпіліс жасады?
Автомобиль эксперті Евгений Кубеков Шанхайдағы көрмеге кейінгі рет 2015 жылы қатысқан. Оның айтуынша, қытайлық автоөнеркәсіп биыл былтырмен салыстырғанда үлкен серпіліс жасады.
Сегіз жыл бұрын шанхайлық автосалонда ешкім білмейтін бренд көп болған, ал жаңалары танымал брендтердің көшірмесі еді. Бүгінде қытайлықтардың көп жетістікке жеткенін, дүниежүзі олардың өнімін, әсіресе гибрид автомобильдерін бақылап жатқанын көріп отырмыз, — деді Евгений Кубеков.
Қытайда электромобильдер қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде барлық сатылымның төрттен бір бөлігі — осы өнімдер. Сарапшылардың болжауына қарағанда, 2023 жылы Қытайда электромобильдердің сегіз миллион данасы сатылуы мүмкін. Бұл электромобильдердің дүниежүзілік сатылымынан көп болады.
Ең ұнағаны және көзге түскені — Great Wall Motor (GWM-ды Haval, TANK және басқа брендтер ұсынады – ред.), олар қайта қуатталатын plug in гибридін әкелді. Олар параллель серия түрінде жұмыс істейді, яғни электр батареясын қайта қуаттау үшін ішкі жану қозғалтқышын пайдалануға болады. Ал таза автоном түрдегі автомобиль конфигурациясына байланысты 100-120 шақырым жүре алады. Бұл Қазақстан үшін де қызық тақырып — автомобильді қуаттауға болатын жерді үнемі іздеудің қажеті жоқ, ол өзі — «электробекет». Бензин қозғалтқыш электр батареясын қуаттайды және ол ұзақ уақытқа жетеді. Мысалы, қазір бір бак 500-600 километрге жетеді. Ал гибрид автомобильдікі бұдан екі есе көпке жетеді. Жанармай шығыны да аз. GWM-нің PHEV-гибриді тартқыш батареяны қуаттап қана қоймай, екі сатылы DHT қорабы арқылы қосылады. Автомобиль кедергіден шыққанды максимал қуатты пайдалана алады, — дейді эксперт.
Эксперт көрмедегі BYD-ның стенді қызық болғанын айтты.
Электромобильдер мен гибридтерді сататын қытайлық өндіруші дүниежүзі бойынша бірінші орынға шықты. Көрмеде BYD қалада айдауға ыңғайлы арзан электромобильдерін ұсынды. Оған қоса BYD жақын арада Қазақстанға келетінін айтып, уәде берді. Ал бұл — көптеген автоөндіруші үшін үлкен мүмкіндік. Қазір нарықта Tesla, Volkswagen және BYD бәсекелесіп жатыр, ал бұл электромобильдердің арзандауына әкелді, — деді Кубеков.
Қытай Қазақстан нарығына ден қойып жатыр
Ірі қытайлық автоөндірушілер көрме күні жаһандық дистрибьютер конференцияларын өткізеді. Онда олар жаңа модельдерін, даму стратегиясын таныстырады, тәжірибе алмасып, марапаттар береді.
Биыл қазақстандық компаниялар нарықта табысты жұмыс атқарғандар ретінде танылды.
Мысалы, Haval Motor Kazakhstan ісін тиімді бастағаны үшін және қарқынды түрде сатып жатқаны үшін Best Sales Growth Market марапатын алды. Бұл номинацияны Changan брендінің Silkway Auto Kazakhstan компаниясы да иеленді. Chery Automobile қазақстандық First Motor Group компаниясын «ең үздік дистрибьютер» деп атады. Барлық лауреат — «Астана Моторс» брендтері.