Жаңа автомобиль зауытына «Астана Моторс» жоғары технология жабдығын сатып алады

«Астана Моторс» Алматының Индустрия аймағында қытайлық Chery, Haval және Changan авто алпауыттарының автомобильдерін өндіруге арналған толық циклді мультибрендті зауыт салуға кірісті.

Жоғары технология жабдықтарын жеткізу саласында әлемде көш бастап тұрған Automotive Engineering Corporation (ҚХР) қазақстандық «Астана Моторс»компаниясының жаңа мультибрендті автомобиль зауытын салу бойынша серіктесі атанды.

«Астана Моторс» компаниясының топ-менеджменті Қытайдың Тяньцзинь қаласына барды. Басты мақсаты корпорацияның өндірістік қуатымен танысу және қазақстандық кәсіпорын жобасының дамуын талқылау болды.

Кездесу аясында «Астана Моторс» және Automotive Engineering Corporation арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа «Астана Моторс» атқарушы директоры Бекнұр Несіпбаев және Automotive Engineering Corporation басқарма төрағасы Дай Мин қол қойды.

Астана моторс
Фото: Астана Моторс

Қытай корпорациясы нарықта 60 жылдан астам жұмыс атқарып келеді. Осы уақыт аралығында әлем бойынша 30 мыңнан астам өндірістік жобаларды жүзеге асырды. Айта кетсек, автомобиль зауыттарының 80 пайызы Automotive Engineering Corporation қатысуымен жобаланады. Корпорацияның құрамында 4,5 мың білікті инженер бар.

“Астана Моторстың» Алматыдағы жаңа зауытына өндірістік алаңдар мен технологиялық желілерді жобалауға қатысатын, автомобильдер өндіруге арналған жабдықты жеткізетін компанияны таңдағанымызды қуана хабарлаймыз. Аutomotive Engineering Corporation — беделді және сенімді серіктес. Ол автоөнеркәсіптің әлемдік көшбасшыларымен жұмыс жасайды. Мысалы, BMW, Mercedes-Benz, Volkswagen, Hyundai, Toyota, Jaguar, Land Rover, BYD және басқа да танымал брендтер. Корпорация Haval брендіндегі Great Wall Motor және Chery, Changan  қытайлық автобрендтерінің ондаған зауыты мен конструкторлық бюроға (R&D) арналған жабдықты жобалап, жеткізді”, – деді Бекнұр Несіпбаев.

Қазақстандық компания автомобиль өндірісіне арналған дәнекерлеу, бояу және басқа да  жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алуға және орнатуға ниетті. Сәуір айында Алматыға Automotive Engineering Corporation тарапынан жоғары білікті инженерлер мен автоөнеркәсіп мамандарынан тұратын делегация келеді.