Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында газға қосылу құны арзандады

Алматы облысында 11 елдімекеннің тұрғындары үшін орталықтандырылған газбен қамту желілеріне қосылу құны төмендеді.

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура және әкімдік бірлесе отырып Алматы облысының аумағында абоненттерді орталық газбен жабдықтау желілеріне қосу құнын төмендетуге бағытталған «Халыққа қолжетімді газ» жобасын іске қосты.

Жұмыс тобы құрылып, оның құрамына прокуратура, әкімдік және облыстың газ шаруашылықтары қауымдастығы кіргізілді.

Аталған топтың жұмыс нәтижесінде қазіргі уақытта абонентті қосудың шекті құнының сомасы 350 мың теңгеден аспайтын мөлшерде бекіту туралы келісімге қол жеткізілді. Бүгін газ шаруашылықтары қауымдастығы мен әкімдік арасында алғашқы меморандумға қол қойылады, — деп жазылған хабарламада.

Меморандум облыстың үш ауданының 11 ауылдық округін қамтып отыр. Сонымен қатар газ мамандары халықтың әлеуметтік осал топтарын жеңілдетілген шарттармен қосуды жалғастырады және қосылу үшін төлемді кейінге қалдыруды ұсынады.

Жобаның қорытындысы бойынша облыстың ең көп елдімекендерін қамту және тұрғындарға қаржы жүктемесін азайту жоспарланып отыр.