Басты бетЖаңалықтарРеспубликалық маңызы...

Республикалық маңызы бар жолдардың тоғыз бөлігі жабылды

Еліміздің үш өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың тоғыз учаскесінде жол қозғалысына шектеу енгізілді.

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясы хабарлады.

Ақмола облысында екі тас жолдың үш бөлігі жабылды:

«Астана — Петропавл» күре жолының Астанадан Көкшетауға дейінгі аралығында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді;

«Астана — Петропавл» күре жолының Көкшетау қаласынан Солтүстік Қазақстан өңірінің шекарасына дейінгі аралық жол қозғалысы үшін жабық;

«Көкшетау — Омбы» тас жолының Көкшетаудан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі аралығы жабық;

Батыс Қазақстан облысында:

«Подстепное — Федоровка — Ресей Федерациясының шекарасы» тас жолында Бөрлі ауылынан Ақсай қаласына дейін қозғалыс шектелді;

Солтүстік Қазақстан облысында бес учаске жабылды:

«Челябинск — Новосибирск» тас жолының Петропавл мен Булаево қалаларының арасында жол қозғалысына шектеу енгізілді;

«Астана — Петропавл» тас жолында Ақмола облысының шекарасынан Бескөл ауылына дейінгі аралық жабық;

«Жезқазған — Петропавл» тас жолының Явленка және Бескөл ауылдарының арасы жабық;

«Петропавл — Соколовка — Ресей Федерациясының шекарасы» тас жолының Петропавлдан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі аралығында көліктің барлық түрі үшін жол қозғалысы шектелді;

«Көкшетау — Омбы» тас жолының Ақмола облысының шекарасынан Кішкенекөл ауылына дейінгі аралығында жол қозғалысы шектелді.