Президент Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдыру туралы шешімін түсіндірді

Елбасының айтуынша, көпшілік «Әркім» сөзіне қарсы шығып, оны жерге байланысты пайдалануға болады деп ойлағандықтан, өзгеріссіз қалдыруды жөн санағанын айтты.

«Конституцияның 26-бабын қоғамда көпшілік қолдағанымен, пікір қайшылықтары да көрінді. Біздің сұраныстар бойынша 70 пайыздан астам адам оны қолдап отыр. Дегенмен, басқа пікір айтқан азаматтар да бар. Әсіресе, меншік мәселесі жөнінде. Жер меншігіне байланысты деп ойлады. «Жер туралы» заң қабылданған кезде ол жөнінде мәселелер болғанын Сіздер білесіздер», — деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы Конституцияда елдің пікірі ескерілетінін, яғни консенсус болуы тиістігін баса айтты.

«Осы қағдиданы ұстана отырып, мен 26-бапты өзгеріссіз, бұрынғы редакцияда қалдыру туралы шешім қабылдап, сіздерге ұсынып отырмын. Талқылау барысында сіздер де қарайсыздар деп ойлаймын. Ал өзге де маңызды мәселелерге қатысты заң жобасының бағыт-бағдары айқын», — деді Назарбаев.

Айта кетейік, Ата заңымыздың 26-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген сөйлемдегі «азаматтары» деген сөзді «әркіммен» алмастыру ұсынылған болатын. Бұл қоғамда қызу талқыға түсті. Атап айтқанда, қазақстандықтар шетел азаматтары осы норманы пайдаланып, жерді жекеменшікке сатып алады деген алаңдаушылығын білдірді.

ДереккөзBaq.kz