Сіз білмейтін алаяқтықтың жаңа түрлері

Арнайы кодтар арқылы банк картасындағы ақшаны жымқыру

Алаяқтар өздерін сайттарда сатушы немесе сатып алушы ретінде тіркеп, адамдардың банк картасының реквизиттерін біліп алып, шотты бос қалдыруы ғажап емес. Мысалы, сіз көлігіңізді сатқыңыз келсе, сізге ресейлік байланыс нөмірінен бір «клиент» хабарласуы мүмкін. Сіз онымен саудаласасыз. Сауда аяқталған соң, ол алдын ала төлемді аудару үшін банк картасына қатысты мәліметтерді сұрайды. Сіз ойланбастан банк реквизиттерін танымайтын адамға бере салуыңыз мүмкін. Бір тәуліктен кейін сіздің ұялы телефоныңызға арнайы банк хабарламасы келеді. Ресейлік клиентіңіз сізден соны жіберуді сұрайды. Осылайша ол сіздің банк картаңыздың құпия кодын біліп алуы оңай.

Мұндай жағдайда келген хабарламаның скриншотын түсіріп алып, банк қызметкерлерінен немесе бухгалтер арқылы не код екенін анықтап алыңыз.

Өкінішке орай, бұл оқиға бойынша банкирлердің өздері де қауқарсыз. Қазіргі кезде электронды төлем нарығы дамыған сайын интернеттегі алаяқтық та қоса дамып келеді. Сондықтан алданып қалмас үшін банк картасын тұтынатын әрбір адам оның қауіпсіздік кодын, мәліметтерін ешкімге бермеу керек.

Мынаны есте сақтаңыз:

  • Банк қызметкерлері ешқашан карта номерін толық сұрамайды;
  • Интернет-банкингтің номерін немесе төлем картасының реквизиттерін сұрап, e-mail арқылы хаттар жібермейді.

Сіз мені естіп тұрсыз ба?

Алаяқтықтың тағы бірі  «Сіз мені естіп тұрсыз ба?» деп аталады. Яғни белгісіз біреу хабарласып, сізден осылай сұрайды және дауысыңызды жазып алады. Кейін тауарлар мен қызмет үшін төлем жасауға мәжбүрлеуі мүмкін. Алаяқ қалай жұмыс істейді?

  • Сізге таныс емес нөмірден хабарласады
  • Өзін компания қызметкері ретінде таныстырады
  • Сосын сізге «Сіз мені естіп тұрсыз ба?» деп сұрақ қояды
  • Егер сіз ары қарай байланысты жалғастырсаңыз дауысыңызды жазып, кейін сол арқылы қажетсіз тауарлар мен қызметтерге еркіңізден тыс төлем жасатуы мүмкін. Ал егер сіз тауар үшін төлем жасаудан бас тартсаңыз жазылған дауыс арқылы сотқа береміз деп қорқытады.

Мұндай кезде, яғни «Сіз мені естіп тұрсыз ба?» деп сұрақ қойса және нөмір таныс болмаған жағдайда тұтқаны бірден қойыңыз.

Кредит алаяқтары

Қазақстандағы алаяқтықтың тағы бір түрі кредитке байланысты. Алаяқтар үшін халықтың сеніміне кіру өте оңай. Тек абай болу керек. Мысалы, олар газеттерде немесе сайттардың көмегімен  тұтынушылық несие рәсімдеуге көмектесеміз дегендей қызметтер ұсынуы мүмкін. Әңгімелесу кезінде олар қысқа мерзімде ешқандай құжатсыз кредит рәсімдеп береміз дейді. Сіздің алғыңыз келген кредит сомасының 5-10 пайызын көрсетілген қызмет үшін алдын ала төлеңіз деп талап етеді. Ал алдын ала төлем жасаған соң ақшаны және сіз ұсынған құжаттарды алып қашып кетеді. Бірнеше уақыттан кейін олар сіздің құжаттарыңыз арқылы тұтынушылық кредит рәсімдеп, оны жеке басына жұмсайды. Ал сіздің атыңызға бір-екі айдан соң банктен кредит төлеу керектігі туралы хабарлама келеді.

Мұндай жағдайлар болмас үшін не істеу керек?

  • Құқық қорғау органдарына хабарласыңыз
  • Жеке құжаттарыңызды таныс емес біреуге сеніп тапсырмаңыз
  • Банкке хабарласыңыз
Дереккөз7kun.kz