Қазақстандық құтқарушылардың екінші легі Түркиядан оралды

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға атсалысқан қазақстандық құтқарушылардың тағы бір тобы елге аман-есен оралды. Ил-76 әскери-көлік ұшағы бүгін түнде Түркияның Газиантеп қаласынан ұшып, елордадағы халықаралық әуежайға қонды, — делінген хабарламада.

Ұшу жолағында құтқарушыларды туыстары мен әріптестері күтіп алды.

ТЖМ құтқарушы
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Құтқарушыларымызды төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин мен Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Экиджи қарсы алды, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Түркиядағы зілзалаға қатысты шұғыл көмек беруді тапсырған еді. 7 ақпанда Түркияға құтқарушылардың бірінші легі, 8 ақпанда екінші легі аттанды.

Мемлекет басшысы Түркияға жіберілген қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер марапатталатынын айтты.

Түкияға кеткен қазақстандық құтқарушылардың бірінші легі кеше елге оралды.