Биыл Алматыда 2017 жылдан бергі әйелдердің дәстүрлі митингі өтпей қалуы мүмкін. Өйткені әкімдік феминистерге рұқсат бермеген.
Апалы-сіңлілі мектеп оқушысы, блогер әрі белсенді Медина мен Фәтима Майсар Алматыдағы бейбіт жиынға келді. Олар «Әкім әйел болғанда, 8 наурыздағы митингіні өткізуге тыйым салмас еді» деген жазуы бар плакат ұстап алған.
Бұл митинг әкімдік тыйым салған — 8 наурыздағы шеруге шыға алуымыз үшін керек. Былтыр әкімдік жиын өткізуге рұқсат берген, бірақ биыл тыйым салуды жөн көрді. Бұған келіспейміз. Бұл әйелдердің құқығын шектейді. Біздің митингіге шығуға, өз ойымызды айтуға құқымыз бар, — дейді олар.
Ұйымдастырушылардың бірі, SVET (Stop Violence End Tyranny) қоғамдық қорының негізін қалаушы Мөлдір Албанның айтуына қарағанда, белсенділер әкімдікке шеру өткізу туралы өтінішті 2022 жылғы желтоқсанда берген. Олар бұл арызда ұйымдастырушылардың тізімі мен жиынның тақырыбын көрсеткен. Алайда әкімдік осы күні Алматыдағы бейбіт жиын өткізуге арнайы белгіленген төрт орынның ешбірі бос емес екенін айтып, келісім бермеген.
Биыл өткізгелі отырған митинг пен маршымыздың тақырыбы «Дене автономиясы» еді. Қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесін көтергіміз келді. Осы тақырыпты көрсетіп, арыз жазғанбыз. Ал әкімдік дәл сол күні, 8 наурызда «Еріктілер лигасының» да әйелдер құқығына арналған шара өткізу ниеті барын және бізден бұрын өтініш бергенін айтты. Алайда әкімдік бұл ұйымға біздің өтінішімізден кейін, 10 минуттан соң келісім берді. Біз олардан бұрын беріп отырмыз ғой. Мұның өзі әкімдіктің дәл біздің марш өткізуімізге қарсы екенін білдіріп тұр, — дейді ол.
Сол себепті белсенділер «митинг үшін митинг» өткізу туралы шешім қабылдаған. Осылай, 8 наурызға дейінгі әр демалыс күні жиналып отырмақшы. Олар бүгін қаладағы Махатма Ганди паркінде бас қосты. Олар «Қайтсек те, митинг пен марш өткізуге рұқсат аламыз» деп отыр.
Бізді әкімдік қызметкерлері кездесуге шақырды. Сол кезде «Қаладағы бейбіт жиын өткізуге арнайы белгіленген төрт орын бар, неге соны бөліп бермейсіздер?» деп сұрадық. Сонда «Еріктілер лигасы» ұйымы барлық орында таңнан кешке дейін митинг пен марш өткізбекші ме? Ал әкімдік бұл сұраққа «Біз қай уақытта өткізетінін білмейміз ғой» деп жауап берді. Ондай болса, оларды да кездесуге шақыруы керек еді. Бәрін бірге отырып, ақылдасып, ортақ шешімге келер едік. Біз үнемі өз арызымызда жиын өтетін нақты уақыт пен күнді көрсетеміз. Әкімдік бізге ұйымның жазған өтінішін де көрсете алмады. Ал «Еріктілер лигасы» мемлекеттен, әкімдіктерден тапсырыстар алып, осындай шаралар ұйымдастыратынын білдік. Мұны өз парақшамызда да жаздық, — дейді Мөлдір Албан.
Белсенді Жәмила Қасымхан жиылғандардың назарын тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесіне аударды. Ол өзі тұратын Қызылордадағы көпшілікке белгілі болған үш оқиғаны айтып берді.
Ажар өз туған күнінде күйеуінің қолынан қаза тапты. Аруна күйеуінің соққысынан мүгедек болып қалды. Ал Айнұр жұмыс орнында зорланды. Бұл — кішкентай ғана қалада белгілі болған оқиғалар, ал айтылмаған, бізге беймәлім жағдай Қазақстанның әр қаласында күнде болып жатыр. Қаншама әйелдің жанайғайы жабық есіктердің артында естілмей жатыр. Жылына бір рет гүл мен сыйлық беріп, бізді де, өздеріңізді де алдаудың керегі жоқ. Біз сыйлыққа емес, құқығымызды қорғауға мұқтажбыз. 8 наурыз — үнсіз қалып келген әр әйелдің жанайғайын жеткізетін мүмкіндік. Сондықтан әр әйелдің дауысы естілуі керек, — деді ол.
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль «Әкімдік бейбіт жиын өткізетін арнайы төрт орынды да бір ұйымға берсе, онда бұл — олардың проблемасы» деді. Ал тағы бір құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова белсенді Жанар Секербаеваның Алматы мәслихаты депутаты болуға кандидаттығын ұсынғанын, дауыс беру үшін ол сайлауға түсетін учаскеге тіркелетінін айтты және өзгелерді де осыған үндеді. Спикерлердің айтуынша, Қазақстан билігіндегі әйелдердің үні шықпайды, өйткені олар «Ерлердің нұсқауымен жүріп-тұруға әбден үйренген».
Ал заңгер Халида Әжіғұлова дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттер әйелдің проблемасын айтудан, оны тыңдаудан қашпайтынын, керісінше мүмкіндік беретінін мысал етті. Оның пікірінше, Қазақстан билігі 8 наурыздағы митингіге тыйым салмауы керек, өйткені бұл кейінгі жылдары елімізде өтіп жүрген барлық бейбіт жиынға үлгі бола алды.
Митинг ұйымдастырғандармен қоса, алаңға жиналғандар да әйел құқығына, олардың саясаттағы орны мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты ойын айтты.
Халықаралық құқық маманы, белсенді Әйгерім Құсайынқызы 8 наурыз мейрамының тарихы мен маңызын тағы бір рет еске салды. Оның сөзінше, мемлекет Алашорда қайраткерлерін дәріптегенімен, олардың әйел теңдігі үшін күрескенін айтқысы келмейді.
Адамзат тарихында әйелдер дауыс беру, сайлану құқығын 100 жыл бұрын ғана алды. 100 жылда не өзгерді? Дүниежүзіндегі 193 мемлекеттің 44-інде әйел билікке келмеген. Соның бірі — Қазақстан. Неге десеңіздер, бізде әлі де «Әйелдердің миссиясы — ана болу, бала туу», «Патриархатқа, еркектерге қызмет ету» деп түсінеді. Бізде тіпті 8 наурыз мейрамы неге, қашан, қалай пайда болғанын да білмейтіндер бар. 8 наурыз — ана, әпке-қарындас немесе «нәзік жандылар» күні емес, әйел құқығының эмансипациясы күні. Сол үшін дамыған кез келген мемлекет бостандық, еркіндік, теңдік деген ұғымдарды түсінуі керек. Бізде еркіндік бар ма? Жоқ. Әлі де маршқа рұқсат алуға мәжбүрміз. Теңдік бар ма? Жоқ. Әлеуметтік әділет бар ма? Жоқ. Неліктен 8 наурыздағы митингіні митинг арқылы талап етуіміз керек? Бұл біз бен сіздің саяси құқығымыздың бұзылғанын білдіреді. 100 жыл бұрын тек Америкадағы, Ұлыбританиядағы суфражистер емес, алашордалықтар да әйел теңдігі үшін күрескен. Біздің мемлекет Алашорда туралы айтқанда, олардың әйел теңдігі үшін күресін мүлдем айтпайды. Қазақтың 1917 жылғы тұңғыш Конституциясында гендер теңдігі туралы айтылған. Сол үшін өз тарихымызды білуіміз керек, — деді Әйгерім Құсайынқызы.
Жиылғандар «Әйел құқығы — әлем құқығы», «Марш болсын!», «Әкімдік = патриархат», «Әй, ел! Әйелдерге марш керек», «Қыздың жолы — ұлы жол», «Фембикелерге алаң, абьюзерлерге ауыр жаза бер», «Тыйым салуға тыйым саламын» дейтін ұран жазылған плакаттарын 2 сағат бойы көтеріп тұрды. Ұйымдастырушылар плакаттардағы ұранды дауыстап оқыды, мұны кейін жиылғандар да қайталап тұрды.
19 жастағы Мирас Әбілғазы осы жиынға адам, оның ішінде әйел құқығы үшін келген. Ол 8 наурыздағы митинг пен шеруді маңызды әрі бәріне пайдалы деп есептейді. Мирастың сөзінше, бұл — теңдік үшін ең негізгі қадам.
Ұйымдастырушылар жиын соңында митинг қарарын оқып берді. Онда мемлекет азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектемеуі, бұл үшін арнайы орындарды белгілемеуі керек екені жазылған. «Ал әкімдіктер, керісінше, ұйымдастырушыларға көмектесіп, оларға кедергі жасамауға тиіс. Әсіресе, әйелдер өткізетін бейбіт жиында қауіпсіздікті сақтау мемлекеттің негізгі міндеті болуы керек».
Қарарға митингіге келген 100-ден астам адам қол қойған. Жиынды полиция қызметкерлері сырттан бақылап тұрды.
Тағы оқыңыз: Митинг. Әйелдердің саясатқа араласуына неге мән беруіміз керек?