— 8 наурызда өтетін митингінің мақсаты не? Осы жылы әйел құқығындағы нақты қандай мәселені көтересіздер?

— Осы жылы өтетін митингінің негізгі тақырыбы — мемлекеттік басқару ісіне әйелдердің араласуы. Елімізде биліктегі әйелдердің үлесі аз. 17 министрліктің тек біреуін әйел басқарады. Ол — денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Сонымен бірге қазіргі таңда бірде-бір әйел қала әкімі болған емес. Қызылорда облысын ғана Гүлшара Әбдіқалықова басқарып отыр.

Саясаттағы әйелдер қазірге қарағанда көп болса екен дейміз. Себебі әйелдер жемқорлықты азайтып, қыз-келіншектердің, көпбалалы отбасылардың проблемасына назар аударады деп есептейміз. Бұған қоса, енді ғана мамандық таңдап жатқан қыздарға да мотивация болатыны сөзсіз.

Алматы әкімдігі 1000 адам қатысатын митинг өткізуге рұқсат алдық. Биылғы 8 наурыздағы митингіні ұйымдастыру комитетіне Фариза Оспан, Лейла Махмудова, Татьяна Чернобиль, Мира Унгарова, Жәмиля Қасымхан, Гүлзада Сержан және Жанар Секербаева (Феминита), Елена Ивановна (FemPoiNt)  және Арина Осиновская (KazFem) кіреді.

— Әйел құқығына арналған шеру бірнеше рет өтті. Қоғамда жыл өткен сайын оның әсері, нәтижесі байқала ма? Прогресс бар ма?

— Әрине, қоғамда әйел құқығына байланысты мәселелерде прогресті байқаймыз. Қазақстан азаматтары зорлық-зомбылыққа төзуді азайтып, төтеп беруді үйренді, әйелдер саясатқа араласуға талпына бастады. Сол себепті ендігі мақсатымыз — оларға жағдайдың бәрін жасап беру.

Сонымен бірге жақында сексуал бопсалауды тіркейтін мобайл қолданба ашылды. Ол арқылы біз сексуал бопсалауға ұшырағандардың нақты статистикасына білеміз деп үміттенеміз. Мұның бәрі жыл сайынғы шеру, митингілердің арқасы деп білемін.

Бұл — біз ұйымдастыратын үшінші марш. Былтыр біз 1000-ға жуық әйел құқығын қолдаушы адам жинай алдық. Биыл адам құқығына немқұрайлы қарамайтын адам саны одан да көп болатынына үмітіміз зор. Митинг ертең, 8 наурызда Алматыдағы Уәлиханов алаңында 14.00-16.00 аралығында өтеді.

— Бүгінде әйелдердің саясатқа араласуынан өзге олардың құқығына қатысты қандай мәселер әлі де өзекті?

— Елімізде әлі күнге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық, бопсалау жиі кездеседі. Сонымен бірге БАҚ-та, фильмдерде, кітаптарда сексизм көрінісін айтар едім. Мысалы, 9-кластың өзін-өзі тану пәні оқушыларға «ер мен әйелдің айырмашылығы бар, әйелді ошақ иесі» деп оқытады.

Біз бұл мәселені әлі толық шешпедік. Дегенмен бұл жүйелі жұмысты талап ететінін ескеріп, талпынуды доғармаймыз.

— Әңгімеңізге рақмет, сәттілік тілейміз!